Ауыр техниканы тізгіндеген арулар
Жаратылысы нәзік болғанымен, бүгінде бұрымдылардың бағындырмаған саласы жоқ шығар.
Жұмысы ауыр тау-кен өндірісінде де қыз-келіншектердің қатары жыл санап артып келеді. Олар зертхана, жабық цехтарда ғана емес, ерлермен бірге ашық кеніш орнында кен өндіреді.
Дөңгелегінің өзі адам бойынан асатын тоқсан тонналық мынау алып техниканың рөліне Әсел Тұяқова үш жыл бұрын отырыпты. Қазір әбден меңгеріп алған. Кеніш орынында ауысыммен күні-түні тау жыныстарын тасиды. Қайын атасы мен күйеуі де бұрыннан осында ауыр жүк көліктерін жүргізеді. «Отбасында әке мен бала арасындағы әңгіме негізінен техника жайында өрбейтін, содан қызығушылығым оянып, менде осы кәсіпті игеруге бел будым», - дейді Әсел.
Әсел Тұяқова, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Жолдасым басында қарсы болды енді. Ол енді ойлайды, ауыр жұмыс деп, әйел кісі деп, шаршайсың дейді. Жұмыстан келгесін, үйдің жұмысы да бар дейді. Соның бәрін қалай үлгіресің дейді. Өзі біледі ғой, күйеуім 20 жылдан артық істеп жатыр. Көнді, күледі енді.
Жітіқарадағы кеніш орынында Әселмен бірге тағы жеті әйел істейді. Оларды қыз-келіншектер экипажы деп атайды. Талап-шарт бәріне бірдей. Ауысым сайын көліктің асты-үстін тексеріп қабылдап алады. Әрқайсысы 10-15 келі тартатын доңғалақ тірегіштерін өздері апарып қояды.
Әсел Тұяқова, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Бірінші рет отырғанда қобалжып отырдық кішкене. Бірінші рейстен кейін үйреніп кеттік. Енді тек қана үлкендігі машинаның, ал былай, үйдегі машина бізде ол механика, мында автомат, қиын емес.
Мұндай ауыр жүк көліктеріне бұрын әйелдерді отырғызбаған. Үш жыл бұрын ғана Еңбек Кодексіне өзгеріс енгізіліп, бұрымдыларға бұл мамандықты да меңгеруге рұқсат берілді.
Юрий Штарк, автокөлік цехының механигі:
- Олар алдымен оқыды. Одан кейін бірнеше ай тәлімгерлермен бірге жұмыс істеп, тәжірибе жинады. Сосын барып қана жеке жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Қазір біздің қыздар ерлерден бір мысқал кем емес.
Әселдің сырттағы жұмысы ауыр болса да, үйдегі қым-қуат шаруаны да тындырып үлгіреді. Күнделікті тірліктен қолы босаса, түрлі бұйымдар тоқу ең сүйікті ісі.
Әсел Тұяқова, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Біздің балалар өте тәрбиелі. Олар бізге көмектеседі. Бәрін істейді үйде. Осы бала маған көмектеседі. Бізде қыз жоқ. Үш ұл. Енді кім істейді?
Соңғы жылдары тау-кен саласында жұмыс істейтін қыз-келіншектердің саны біршама артқан. Бұл енді өндірісті автоматтандырып, заманауи технологияның дендеп енгізілуіне байланысты болса керек. Қазіргі кезде осы саладағы кейбір кәсіпорындарда әйелдер құрамы 15 процентке жетіпті.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг