Арнайы жасақтың қыздары 30-дан астам адамды қолға түсірген

Астанадағы арнайы жасақтың қыздары биыл 10 шақты операцияға қатысып, 30-дан астам адамды қолға түсірген.

Олардың қауырт қызметі мен жасаған ерліктері көп жағдайда айтыла бермейді. Бұл мемлекеттік құпия.

Қазір қыздар өздерінің жауынгерлік дайындықтарын пысықтап жатыр. Соның бірі – арнайы ғимаратқа басып кіру. Мұндай штурмдар қызмет барысында жиі қолданылады.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ құрамы қыздармен алғаш 2019 жылы толықты. Содан бері қатарлары артқан. Мұндай бөлімшелер еліміздің барлық өңірінде бар. Негізгі міндет қылмысқа қатысы бар әйелдерді ұстап, изоляторға дейін жеткізу. Сондықтан аты-жөндерін жасырып, бет-жүздерін көрсетпейді.  

Майор:
- Сондай-ақ, медициналық мекемелерде жатқан аса қауіпті қылмыскерлерді күзету, қоғамдық тәртіп пен спорттық іс-шаралардың қауіпсіз өтуіне де біз жауаптымыз. Сондықтан күнделікті атыс жаттығулары мен жекпе-жек түрлеріне ерекше ынта қойып, дайындаламыз. 

Қыздардың өмірі күнделікті қауіп-қатерге толы. Шұғыл хабарламалар да аяқ астынан келеді. Алда не күтіп тұрғаның өзің білмейсің. Сондықтан іріктеуде бойы 170 см-ден жоғары, заң тұрғысынан білімі бар азаматшаларға басымдық беріледі. Және ең кемі спорт шеберлігіне үміткер болу керек.   

Капитан:
- Көптеген нәрселерге үйрендік. Мен негізі гражданкадан келдім. Бірден осы мамандыққа тапсырдым, өттім. Бірінші іріктеуден өттім. Белбеу, самбо, дзюдо күрес түрлерінен спорт шеберлігіне үміткермін. Көп адамға айта бермейміз осында жұмыс істейтінімізді. Үйде басқаша, жұмыста басқашамыз. 

Майор:
- Мен взвод ашылғалы бері осында жүрмін. 5 жылдай болды. Қазір бөлімше командирі болып қызмет атқарамын. Жұмыстағы қиындықтарға да үйреніп кеттік. Сыртымнан қатал болып көрінгеніммен көшеде танымай қалуыңыз мүмкін. Күйеуім, екі балам бар. Олар мені әрқашан қолдайтындарын айтады.

Азаматшалардың 50 пайызы бесік тербетіп, бала тәрбиелеп отырған ана. Соған қарамастан оларға қойылатын талап ерлерден кем түспейді.   

Капитан:
- Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ болғандықтан батальондағы қыздар бізбен бірге арқа сүйеп, қызмет атқарады. Бізде қызмет оңай болмағандықтан, олардың осы қызметке төзіп жүргендігінің өзі ойланарлық жағдай. Қызмет оңай емес. Ол кісілердің де отбасылары бар. Тапсырмаларды да бізбен қатар орындап жүр. Осы сәтті пайдалана отырып, келіп жеткен 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз.   

Қызметтің қауіптілігіне қарамастан қыздарды біріктіретін бір ғана ортақ мүдде бар. Ол Отанға деген адалдық пен жұмыстарына деген жауапкершілік.

Авторлары: Мерей Қанапия, Артур Горшняков