Алматылық құтқарушылар үйінді астынан адам іздейтін құрылғы сатып алмақ
Алматының құтқару қызметі үйінді астынан адам іздеуге арналған құрылғылар сатып алмақшы, деп хабарлайды 24KZ.
Анығырақ айтқанда, 5 микротолқынды радар мен 5 бейнеэндоскопқа лот жарияланды. Радардың біреуінің бағасы 11 млн теңгеге жуық. Ал техникалық эндоскоппен басқарылатын камераның құны 1,5 млн теңгеден асады. Құтқарушылардың айтуынша, бұл құрал-жабдықтарды алу былтырдан бері жоспарланған. Қазір қолдарында гидравликалық апаттық құтқару саймандарының бірнеше түрі бар. Онымен құлаған бетонды көтеріп, тіреу жасауға, темір кесуге болады. Ал енді алынатын құрылғылар соңғы технологиямен жасалған. Батареямен жұмыс істейді. Оған қоса радар мен бейнеэндоскопты ұсынған компания өкілдері осында келіп, мамандарды оқытып береді.
Досым Надырбеков, құтқарушы:
- Осы жылдың аяғына дейін жаңағы бейнеэндоскоп деп аталады. Ол енді сол үйінді астында, құтқарушылар бара алмайтын жерге анықтап алу мақсатында оны жіберіп, көріп, тексеріп алады. Қай жерде адамдар жатқанын. Одан кейін жаңағы радар аппараттары. Адамның дем алу, жүрек соғысы, пульс. Соларды анықтау арқылы қанша адам барын. Солардың болуы мүмкін деген ақпараттарды береді. Енді қолданбай-ақ қояйық. Бірақ ол қажетті нәрселердің бірі болып саналады.