Алматыда 6 көше ұзартылады
Биыл Алматыда алты магистральді көше ұзартылады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазіргі уақытта жер телімдерін сатып алу, инженерлік жүйелерді қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында Мұқанов пен Жұбанов көшелері де ұзарады. Жоба келер жылы аяқталуы тиіс. Алайда кейбір тұрғындар үйлерін әкімдік ұсынған бағаға бергісі келмейді. Ал бір ғана Рысқұлов даңғылын созу үшін 200-ден астам меншік иесімен келісім жасалу керек.
Алмас Сәдуақас, тілші:
- Тұрар Рысқұлов даңғылын ұзарту дәл осы тұстан басталады. Даңғыл Фариза Оңғарсынова көшесіне келіп тіреледі. Әрі қарай Бойтұмар көшесі басталады. Жалпы жобаға сәйкес қала мен облыс аумағындағы 250 нысанды сүру жоспарланған.
Жол бойында азық-түлік дүкені, сауда нүктелері мен көлік жуу орталығы орналасқан. Кәсіпкер Нұрмахан Мұхамедов нысанды бір жыл бұрын жалға алыпты. «Бизнес үшін өте қолайлы жер. Бірақ жолды кеңейткелі жатыр ғой. Сондықтан басқа жерге ауысуға тұра келеді», - дейді.
Нұрмахан Мұхамедов, кәсіпкер:
- Әкімшілік солай айтып тұрса, біз ештеңке дей алмаймыз. Біз енді егер сүрілетін болса, басқа жерден жұмыс қараймыз.
Ал зейнеткер Тұрсынжан Зульяров бұл жерде 96-шы жылдан бері тұрады. Осы көше бойына ең алғаш үй салғандардың бірі. Ауласы кең, 8 сотық жері және бар. Көшенің ұзартылып жатқанына қарсы емес. Бірақ үйін арзанға сатқысы келмейді.
Тұрсынжан Зульяров, қала тұрғыны:
- Осы қаланың ішінен жер алып, үй салып алатындай баға берсе, біз босатып береміз. Енді біздің қазіргі бағамыз, бізге үйге беріп жатқаны не Қарасай ауданынан, не Іле ауданынан, не Талғар ауданынан. Сондағы ауылдардан жер алып, үй салуға ғана жетеді екен.
Өткен күзде әр үйге Наурызбай ауданы әкімдігінен ресми хат келген. Сонда «Үйлеріміз нарық бағасымен бағаланатыны айтылды. Біз келістік. Алайда жылжымайтын мүлікті бағалаушылар келіп, үйдің құнын түсіріп, басқа баға ұсынды», – дейді тұрғындар.
Ләтипа Кәрім, қала тұрғыны:
- Кеткім келмейді осы жерден. Осы жерге үйрендік. Менің Алғабаста тұрып жатқаныма 38 жыл болды. Осы үйді бірінші салған менмін. Енді кішкене қосып берсе, босатып береміз.
Жалпы қала аумағындағы 6 көшені ұзарту үшін 700 жер телімін сатып алу керек. Бұл бір жылда атқарылатын жұмыс емес. «Өйткені меншік иелері ұсынылған бағаға келіспейді. Сондықтан әр адаммен жеке келіссөз жүргізіледі», – дейді әкімдік өкілдері.
Асан Бостанов, қалалық мобильділік басқармасының бас маманы:
- Барлығы жеке тұлғаға, яғни иелеріне байланысты. Кейбір меншік иелері бағаға бірден келіседі, кейбіреулері сотқа жүгінеді. Әрине, барлығы сот процесінің мерзіміне байланысты. Сот шешімдерін енгізу кезінде заңды күштерін жою да мүмкін. Бір айдан екі жылға дейін. Егер меншік иесі баға нарығымен келіссе, онда оған қаражат қарастырылған, бағалау төленетін болады.
Ал Төле би көшесінде құрылыс жұмысы әлі жүріп жатыр. Жобаны 2025 жылға қарай аяқтау көзделген. Сонда көше 5 шақырымға ұзарады. Сонымен бірге Тілендиев көшесін қала шекарасына дейін жеткізудің жобалық- сметалық құжатамасы әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, Мұқанов және Жетісу көшесін ұзарту жұмысы басталады. Осылайша, Алматы әкімдігі қаладағы көлік кептелісін азайтуды жоспарлап отыр.
Авторлары: А. Садуақас, С. Бейсекенов.