БҚО-да 147 ауыл бақылауға алынды
Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар күшейтілді.
Өңірде су басуы мүмкін деген 147 елді мекен бақылауға алынды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері мұз жару жұмыстарын жүргізіп, өзен-көлдердің деңгейін қарап отыр. Қалада да қар шығару жұмыстары атқарылып жатыр.
Деркөл кентіне қарасты Сарыарқа шағын ауданын жыл сайын су басады. Тұрғындар биыл да үрей құшағында отыр.
Талап Нәубетов Деркөл кентінің тұрғыны:
- Көктемде постоянно су келеді. Негізі сай ғой мына жер. Мына жақтан келеді су. Мына жағынан келеді. Осы жерге жиналады бұрышқа мына перекрестокка жиналады.
Кент тұрғындарына Деркөл өзені қауіп төндіреді. Ол көктем сайын арнасынан асып, жағаға жақын үйлерді су басып қалады. Сондықтан биыл алдын алу шаралары ерте басталды.
Жұбан Жұмағалиев Деркөл кентінің әкімі:
- Осы уақытқа дейін 95 мың куб қар шығарылды арнайы полигонға. Сарыарқа ауданының 90 пайызы көшелері тазартылды. Қазіргі кезде екінші кезектен бастап уже жаңағы көшелерге кіру жұмыстары жүргізіп жатыр.
Оралда бұдан бөлек қала іргесіндегі тағы 6 шағын аудан мен ауылды су басуы мүмкін. Қазір коммуналдық қызмет мамандарына дамыл жоқ. Олар қар шығару және арық тазарту жұмыстарына жұмылдырылған.
Арғын Ғұбашев, коммуналдық кәсіпорын қызметкері:
- Қыс мезгілі басынан қала аумағынан 400 мың текше метр қар шығарылды. Ол тек қала аумағынан шығарылған саны. Біздің жұмысшылар қала аумағындағы арықтарды 80 пайызға толықтай тазалады. Осы көріп тұрғандарыңыздай, әлі де жүргізілуде.
Көктемгі тасқынға төтенше жағдайлар қызметі де сақадай сай. Қазір олар 60 арнайы техниканы дайындап қойды. Оның ішінде құтқару, суда жүзу және жол талғамайтын көліктер бар. Мамандар су басуы мүмкін 147 ауылды бақылауға алды.
Нұралы Мұсиев, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
- Болжам бойынша, наурыздың 20-ына дейін күн суық болады. Бұл қардың біртіндеп еруіне мүмкіндік береді. Бірақ бізге босаңсуға болмайды. Сондықтан бақылауды тәулік бойы жүргізіп жатырмыз.
Қазір құтқарушылар Орал, Шаған, Деркөл, Шыңғырлау, Қайыңды өзендерінде мұз жару жұмыстарын жүргізіп болды. Бұл мақсатқа бюджеттен 35 млн теңге бөлінген.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдібаев, Эльдар Аюпов