Ақтөбеде қазақы тазылардың көрмесі өтті
Оған қала мен облыстың бірқатар ауданынан жеті қазынаны баптаушылар жиналды.
Былтыр ел Президенті тазы мен төбетті қорғау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Қазір кинологтар одағы іске кіріскен. Ақтөбедегі көрмеге арнайы мамандар қатысып, тазылардың түр-тұлғасына баға берді.
Ердәулет Ізбасаров қазақы тазылар көрмесіне қатысу үшін Шалқар ауданынан келген. Қолындағы «Сылдыр» атты тазысын 3 айынан бері баптапты. Тұқымын да жақсы біледі. Бұған дейін шырға тарту сайысында екінші орын иеленіп, көпшілікті таңғалдырған. Ал қыс түскелі 20-дан астам аң қаққан.
Ердәулет Ізбасаров, тазы баптаушы:
- Амандық болса осы тазыдан күшік алғым келіп отыр. Өзім сыннан өткізіп отырған 3-4 арланым бар. Сол арландарға салып, алдағы уақытта жақсы күшіктер шығарам деген ойым бар. Бұл қазіргі таңда жүгірісі бәрі жақсы. Қоян, түлкі, қарсақ барлығын алып тұр.
Көрмеге 80 тазы қатысты. Арасында, бабы келіскен жүйрік пен көз тартар сұлулары да бар. Шараға Астана мен Алматыдан арнайы келген сарапшылар тазылардың дене бітімін, аяқ сүйектерін, тісін, тырнағын байқап, қан тазалығына да баса назар аударды. Талапқа сай келгендері тиісті құжатқа енгізілді. Құжат иттердің әлемдік деңгейдегі сайыстарға да қатысуына мүмкіндік береді.
Айбол Алпысбаев, Қазақстан кинологтар одағының мүшесі:
- Президенттің тапсырмасы бойынша осы қолға алынып отыр ғой. Не береді бұл баға? Тазыны әрі қарай дамытуға, тұқымды сұрыптап ертеңгі күні стандартқа сай келтіретіндей қылып бір қалыпқа келтіреді.
Көрмеге қатысқан 80 иттің 50-іне оң баға берілді. Ал облыста тазы мен оны баптаушылар саны артқан. Өзара сайыстар ұйымдастырып тұрады. Бірақ кеңінен дамыту үшін қолдау керек.
Жасұлан Жақсылықов, Облыстық «Құмай тазы» федерациясының вице-президенті:
- Питомник болатын болса, нұр үстіне нұр болады. Өйткені қазіргі адамдар көбіне тазы жанашырлары бар қалада тұратын. Қалада тұрғаннан кейін көбіне бағу қиындау, қалалық жерлерде. Ал ауылдық жерлердегі адамдардың қалаға келіп, жарысқа қатысуға көп мүмкіншілігі болмайды. Сондықтан питомник ашылса. Бұл питомникте селекциялық жұмыстар жасалар еді.
Бүгінде тазы баптаушылар Алматыда өтетін кезекті жарысқа дайындалып жатыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев