Шымкентте қайтарымсыз грант иегерлері өнімдерін жәрмеңкеде ұсынды
Шымкентте мемлекеттен берілетін қайтарымсыз қаражатқа кәсіп ашқандар өз өнімдерін жәрмеңкеге шығарды.
500-ге жуық кәсіпкер қолөнер және зергерлік бұйымдарды, кондитерлік өнімдер мен ұлттық нақыштағы киімдердің алғашқы партиясын көпшілікке таныстырды. Сонымен қатар этно стильдегі түскиіз, құрақ көрпе және құрылыс материалдарын өндірушілер кәсібін өркендетіп, көпшіліктің сұранысын қамти бастады. Айта кетейік, 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі грант - әлеуметтік осал топ пен көпбалалы отбасы мүшелеріне, мүгедектігі бар баланы асыраушыларға тағайындалған. Алайда жүзге жуық адам қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталды. Сала мамандарының сөзінше, қазіргі уақытта қаражатты кері қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал сәуір айынан бастап жаңа бизнес идеяларды қолдау үшін конкурс қайта жарияланады.
Бағдат Арқабаев, еңбек мобильді орталығы директорының міндетін атқарушы:
- Грант қаражатын мақсатсыз жұмсалған жағдайда ол азаматқа АКТ түзіледі. Одан кейін өз еркімен қайтарса, өз еркімен қайтарады. Егерде қайтармаса сот тәртібі арқылы қайтарылады. Бүгінгі таңда қазір жүзге жуық азаматпен жұмыс жүргізіп жатырмыз.