Депутат: МӘМС жүйесінде ашықтық жоқ

Халық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына салған қаражатын бақылай алмайды.

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев бұл жүйені жетілдіруді ұсынды. Оның пікірінше, әрбір салымшы өзінің жарнасына билік етуі тиіс. Әйтпесе, кейбір азаматтар медициналық көмекке жүгінбесе де, төлемдер үшінші тұлғалардың қажеттілігіне кетіп жатыр, дейді ол. Депутат сонымен қатар жарна мөлшерін табыс көлеміне қарай ұлғайту жобасы бизнес өкілдеріне шамадан тыс жүктеме екенін айтты.

Ержан Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ақиқатында, бұл – сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі. Бірақ салықтарды ашық түрде пайдалану керек. Ал МӘМС қорының жұмысы – үлкен жұмбақ және түбі жоқ қара тесік. «Ақжол» фракциясы келесі ұсыныстарды ескеруді сұрайды: МӘМС төлемдерін арттырудан бас тарту, медициналық сақтандыру жүйесін монополиясыздандыру және осы салада нарықтық және бәсекелестік тетіктерін енгізу, азаматтардың сақтандыру ұйымдарындағы шоттарын ашықтық пен еріктілік негізінде дербестендіру.