Отпан тауда «Бірлік» оты жағылды
Бүгін маңғыстаулықтар Көрісу күнін әдеттегідей Қаратаудың етегінде тойлап жатыр.
Ақтаудан 150 шақырым жердегі “Адай ата-Отпан тау” кешенінде кеше кешқұрым “Бірлік” оты жағылды. Аға буын мен зиялы қауым өкілдері бабалар рухына құран бағыштап, қазақ еліне амандық тіледі.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Амал мейрамын тойлауды Маңғыстау халқы 13 наурызда бастайды. Кешелі бері Отпан таудың етегін әуезді ән, күмбірлеген күй кернеді. “Қарашаңырақ” кешені алдында 40-тан аса киіз үй тігіліп, 10 мыңдай көрермен мерекелік шараны тамашалады.
Амал мерекесін тойлаған көпшілік арасында өзге өңірден келген азаматтар бар. Мәлік Өскенбай Орал қаласының тұрғыны. Маңғыстаулық ағайынмен көрісу үшін “Отпан тау” тарихи-мәдени кешеніне арнайы келіпті.
Мәлік Өскенбай, Орал қаласының тұрғыны:
- Амал мерекесі қазақта ежелден жалғасып келе жатқан дәстүріміз ғой. Сол жалғасып жатыр, бұл құптарлық іс. Жалпы қазақ елінде осы мереке үрдіс алып келе жатыр. Бұл бірлік мерекесі деп аталып жатыр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Маңғыстауда “Көрісу” салты тек бір күнмен аяқталмайды. Наурыз айы бойы жалғасады. Ассалаумағалейкум, амал құтты болсын! Көрісу кезінде ер немесе әйелге шектеу қойылмайды. Ер-азаматтар қос қолдап амандасса, әйелдер қауымы алдымен оң, сосын сол иығын қағыстырып, көріседі.
Дала сахнасында аймақ өнерпаздары концерт қойып, мереке көркін қыздырды. Сол жерде көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған жергілікті қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар қойылды. Әсіресе жүннен тоқылған киім-кешек, ойыншықтар мен аяқ киім жұртшылықтың көңілінен шықты.
Жұлдыз Қошманова, ісмер:
- Біздің өнімдеріміз қойдың жүнінен жасалады. Бәрі табиғи өнім. Шикізат ауылдардан жинап беріледі. Жуып, тазалап өнім шығарамыз. Бәрін қолмен жасаймыз.
Кеш бата "Бірлік" оты жағылды. Тарихқа үңілсек, қазақ батырлары елге қауіп төнген сәтте тау басында от тұтатып, көмек шақырған. Сол жерге шұғыл әскер аттанып, жауға тойтарыс берген. Бүгінде ата дәстүр бірлік пен ізгіліктің, татулық пен тұрақтылықтың белгісіне айналды.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Мирас Нарымбет