Семейлік жастар қарт адамдардың үйін қардан тазалады
Семейлік жастар ардагерлер мен жалғызілікті қарттардың үйін қардан тазартты.
Өңірде күн күрт жылынып, соңғы тәуліктерде еріген қар суы тұрғындарды әбігерге салған. «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының белсенді жастары қарғын су аулаларды басып қалмау үшін арық қазып, айналаны ретке келтірді. Бүгінде 200-ден астам ерікті жас 60-қа жуық үйге қолғабыс етті. Олардың қатарында екі жоғары оқу орны мен жеті колледждің студенттері бар.
Қуат Тұрсынғалиев, "AMANAT" партиясы "Жастар рухы" ЖҚ қалалық филиалының мүшесі:
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қаламыздағы жалғызбасты қариялар мен көпбалалы аналардың ауласын қардан тазартып жатыр. Аталған акцияға қаламыздағы студенттер қауымымен қатар, өзге де ерікті жастар қатысуда. Барша азаматтарды осы игі іске атсалысуға шақырамыз».
Қайырбек Таяпбергенов, жергілікті тұрғын:
- Бұл маңайда бала-шағасы жоқ егде жастағы жалғысбасты адамдар да тұрады. Сондай адамдардың ауласын қардан тазартып, көшеден ағын су кірмейтіндей етіп бөгет жасап, игі іс істеп жатқандарына алғыс білдіремін.