Маңғыстау облысында мәдени-спорттық шаралар өтіп жатыр
Маңғыстау облысында бүгінгі Көрісу мерекесі кең көлемде тойланып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Аймақ жұртшылығы жылдағы дәстүрінен жаңылмай, «Адай ата - Отпан тау» тарихи мәдени кешенінде бас қосты. Алдыңғы буын ақсақалдар жастарға ақ батасын беріп, құшақ жая көрісіп жатыр. Қаратаудың етегінде ат бәйгесі ұйымдастырылып, жүлдеге жеңіл автокөлік тігілді. Көрермен палуандар күресін, мерекелік концертті тамашалады. Амал мейрамына орай бүгін Каспий жағалауында спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Талғат Исламұлы, тілші:
- «Амал келді – жыл келді», бір жасыңызбен, ағайын! Өздеріңізге мәлім, Көрісу мейрамы Маңғыстауда 13 наурыздан бастап тойланады. Кеше Отпан таудың басына барған көпшіліктің қарасы қалың болды. Халық емен-жарқын жүзбен көрісіп, атшабыс, театрландырылған қойылымды тамашалады. Бауырлас түрік, өзбек және қарақалпақ ұлтының өнерпаздары арнайы келіп, ұлық мерекенің маңызын арттыра түсті. Ән мен жырдан шашу шашып, көрермен қошеметіне бөленді.
Ирфан Гөрдал, Бішкектегі «Қырғыз-Түрік «Манас» университетінің оқытушысы:
- Наурыз – түркітілдес халықтарға ортақ мейрам. Ал қазақ ұлтының Көрісу күнін «Амал келді – жыл келді» деп 14 наурызда тойлауында үлкен мән-мағына жатыр. Таудың басында киіз үйлер тігіп, бірлік отын жағуы мені қайран қалдырды. Бұл дәстүр ертеден бастау алғанын естіп, ата салтын ұлықтаған бауырлас елге құрметім арта түсті. Мереке құтты, қазақ жерінде тыныштық болсын.
Оңайша Мандоки, қазақ тілінің оқытушысы:
- Маңғыстаудың қазақы керемет тойына тап болдым. Өте қуаныштымын. Барлық салт-дәстүр, әдет-ғұрып бәрі бар екен. Менің бала кезімде, ол енді 60-70 жылдары. Сонда ұйқыдан тұрамыз да, бірден жүгіріп, көршілерімізге барып көрісіп, осы Наурызбен құттықтаймыз. Сол уақытта ата-әжелер: «Ой, айналайын. Жасың ұзақ болсын», – деп бізге тәтті, сарысекер, ірімшік, кәмпит, сондайларды беретін. Біз 14-і тойладық Наурызды. Сол күні бәріміз әзірленіп, ертеңіне бүкіл ауылды аралап, бәрімен көрісіп шығатынбыз.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Көрісу күні маңғыстаулықтардың көшеде немесе жұмыс орнында болмасын ұлттық киіммен жүруі көз қуантады. Мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары биыл да ата дәстүрден жаңылған жоқ. Айта кетсек, Амал мейрамында облыстың барлық елді мекенінде мәдени-спорттық шаралар өтіп жатыр. Біз тұрған теңіз жағалауында таңертеңнен бері шахмат, арқан тарту, ләңгі тебу, таяқ тарту секілді ұлттық спорт сайысы жалғасып жатыр. Бүгін кешкі сағат 7-де дала сахнасында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның мерекелік концерті өтеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.