Бітімгерлерді Таяу Шығысқа шығарып салу рәсімі өтті
Алматыда еліміздің Қорғаныс министрлігінің бітімгерлік контингентін Таяу Шығысқа шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл миссияның орны бөлек. Себебі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанға алғаш рет бітімгерлік миссияны өз бетінше жіберуге және орындауға мандат беріп отыр. 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өткен жиынға сала басшысы, ардагерлер ұйымдарының өкілдері мен әскери қызметшілердің туысқандары қатысты.
Еліміздің бітімгерлік контингенті бір жылдық сапар алдында сап түзеді. Салтанатты жиынға Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысып, контингент командиріне мемлекеттік туды табыстады. Байрақ Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлік базасына ілінеді.
Руслан Жақсылықов, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі:
- Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Өйткені қысқа мерзім ішінде әскери-саяси жағдайдағы ерекше тапсырмаларды орындауға дайын, барлық халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін бітімгерлік контингентті дайындап, жарақтай алдық.
Таяу Шығыстағы Голан жоталарына 139 қазақ бітімгері аттанады. Араларында нәзік жандылар да бар. Олардың төртеуі дәрігер, екеуі аспаз, ал біреуі мерген екен. Жалпы Голандағы БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы 1970 жылдардан басталады.
Жігер Айыпов, ҚР Ұлттық бітімгерлік контингентінің командирі:
- Ол жаққа барғанда істейтін іс-әрекеттеріміз – өзіміздің жауапты ауданда патруль жасау. БҰҰ өзінің бағыттарында күшейту мақсаты және егер қандай да бір қауіп-қатер немесе басқа да бір жағдайлар болған кезде БҰҰ жеке құрамын эвакуациялау.
Іріктеуден өткен бітімгерлер бұл сапарға 6 ай дайындалды. Қақтығыс аймағын бақылаудың қыр-сырын толық меңгерді. Бүгін маңызды миссияға шығарып салуға олардың ет жақындары да келді.
Гүлмира Мұсанова, Есен Сабыржановтың анасы:
- Балам үлкен жолға аттанып бара жатыр. Көп жас бара жатыр. Қазақстандықтарға тек қана ақ жол, денсаулық тілеймін. Біз оларды үйде күтеміз.
Ділбар Жетібаева, Сәкен Оңғалбековтың анасы:
- Қазақстанымыздың байрағын асқақтата берсін. Дендері сау болсын. Мынау кетіп бара жатқан балалардың бәріне денсаулық тілеймін. Жүздері жарық болып, жақсы барып қайтсын.
Қазіргі уақытта қазақ офицерлері Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында, Конго мен Ливанда БҰҰ-ның миссияларында қызмет етіп жатыр. Ал Голан жоталарында бітімгерлік миссияны өз бетінше жүргізуге тұңғыш рет мандат алып отыр. Біздің бітімгерлер қарсы тараптар арасындағы атысты тоқтату міндетін орындайды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов.