Қостанай облысында спорт нысандары жетіспейді
Қостанай облысында бұқаралық спортпен айналысушылардың саны жыл сайын артып келеді.
Өңір тұрғындарының 43 проценті салауатты өмір салтын ұстанады. Бірақ бәрін қамтуға спорт нысандары жетпейді. Бұл әсіресе ауылды жерлерде өзекті. Жабық залдар аудан орталықтарының өзінде тапшы.
Аудан орталығы Қарасу кентінде төрт мыңға жуық адам тұрады. Спортпен белсенді түрде айналысатындары 30 процентке жуықтайды. Футбол секциясының өзіне 200-ге тарта бала қатысады. Жаттығу залына күніне 50 адам келеді. Ниет етушілер одан да көп. Бірақ бәрін қабылдауға орын жетіспейді.
Мирас Ақпәленов, пауэрлифтингтен жаттықтырушы:
- Бәрін сыйдыратындай зал резенкелі емес қой. Бөлменің тарлығынан келушілер жарақат алып қала ма деп қорқасың. Ал фитнеске сұраныс зор. Жаңа тренажерлар болса дейді. Ол үшін кең зал керек.
Жалпы ауданда спорттың 15 шақты түрін дамыту мақсаты тұр. Сол үшін де былтыр дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. 400 миллион теңгеге бағаланған жобаны мамыр айында қолданысқа беру көзделген.
Мұрат Сауытбаев, Қарасу аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Спорт кешенінде футбол, волейбол, сосын күрес болады, настольный теннис, фитнес зал болады әйелдерге де, балаларға да.
Кешен сағатына бір мезгілде 60 адам қабылдайды. Жуынатын, киім ауыстыратын, бапкерлер бөлмесі барлығы заман талабына сай болады, дейді аудандық спорт басшылары. Алайда олар да бір спорт нысанын қанағат етіп отырған жоқ.
Мұрат Сауытбаев, Қарасу аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Осында ауылдар бар Люблинка, Ленинский, Қойбагор адам көп оларда. Бірақ мектепте ғана зал бар, кішкентай, тоғыз, он сегіз метр ғана. Оқушыларға спорт зал салса, аудандағы халық барады.
Биыл облыс аумағында Қарасудан бөлек сегіз ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Осылайша өңір тұрғындарының бұқаралық спортпен қамту көрсеткішін 50 процентке жеткізу жоспарланған.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров