ШҚО-да спортпен айналысатын зейнеткерлер қатары артып келеді
Шығыс Қазақстан облысындағы шалғай аудандарда скандинавиялық таяқпен жүруді әдетке айналдырғандардың саны артып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Мәселен, Зайсанда бұл спортпен 40-тан астам адам шұғылданады. Оларға аптап ыстық та, үскірік аяз да, омбы қар да кедергі емес.
Шыңылтыр аяз шынығуға кедергі емес. Зайсандық зейнеткерлер таң атысымен осы тасбөгетке қарай ағылады. Скандинавиялық таяқты қарға қыршылдата қадай жүріп, әдеттегі жаттығуларына кіріседі. Гүлжанат Саматаева ұзақ жылдар бойы банкте еңбек еткен. Қағаз шұқып, сағаттап қозғалыссыз отырудың денсаулыққа қаншалықты зиян екенін енді түсініпті. «Күнделікті жаяу жүру «екінші тынысымды ашқандай болды», – дейді.
Гүлжанат Саматаева, зейнеткер:
- Таңмен тұру керек екен, таңғы ауа, таңғы самал, мына таудың сондай бір керемет табиғаты адамның көңілін көтеріп, сондай бір әсерде болады екенсің. Біз сағат 6-дан осы 8-ге дейін осы жақта жүреміз.
Басында бұл топта 6-7 адам ғана болған екен. Кейіннен бір-бірінен үлгі алған жұрт топтаса бастаған. Анархан Кәкиеваның скандинавиялық таяқпен жүруге ден қойғанына 3 жылдан асыпты. Бүгінде қан қысымы реттеліп, дәрі-дәрмек ішуді сиреткен. Қазір тау жақты бір айналып келмесе көңілі көншімейді.
Анархан Кәкиева, Зайсан қаласының тұрғыны:
- Жақсы-жақсы идеялар келеді. Адам ең бірінші қазіргі заманға ілесе беру керек, адам өзгере білу керек. Мен өзімді өзгертуден бастадым. «Маған анау керек, мынау керек», – деп біз қоғамға ренжи беретінбіз. Қазір әр адам өзінен бастау керек деп ойлаймын.
Әзілі жарасқан әжелер ән де шырқайды. Арасында билеп те алады. Ал ер азаматтардың жауапкершілігі екі есе көп. Олар спортпен шұғылданып қана қоймай, нәзік жандыларға жағдай жасауға тырысады.
Манарбек Бошақов, Зайсан қаласының тұрғыны:
- Үш мәрте жолды аштық, қардан, мұздан тазалап, ондай жағдайды өзім жасап тұрамын. Әйелдер құлап қалмау үшін, нық жүру үшін осындай қадам жасап отырамыз.
Скандинавиялық таяқ жүрген кезде аяқ пен белге 40% жеңілдік береді. Адам шаршамай ұзақ жүріп, денесін шынықтырып, миын тынықтырады. «Бұл жүрек-қан тамыры, әсіресе сүйек-буын ауруының алдын алуға сеп болады», – дейді зейнеткерлер. Сондықтан олардың ендігі көздегені – «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасын барынша бұқараға насихаттау.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.