Түркиялық қазақтар әз-Наурызды тойлады

Түркияда 20 мыңнан астам қазақ тұрады, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың  дені Ыстамбұлда. Әз-Наурызды мұндағы жұрт тойлауды бағзыдан дәстүрге айналдырған. Биыл күллі түркіге ортақ Наурыз мейрамы, исі мұсылман қауымның Рамазан айына сәйкес келіп тұр. Осыған байланысты Ыстамбұлдағы қандастарымыз Ұлыстың ұлы күнін ауызашарда атап өтті. Жиналған жұрт еліміздегі жаңа форматта тойланып жатқан Наурызнаманы ескеріп, іс-шараға ұлттық киіммен келіпті. Қазақкент Алтай мешітіндегі мерекелік дастархан ақсақалдың батасымен басталды. Көпшілікке қазақтың ұлттық тағамы наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды. Қаракөз жастар  домбыраны күмбірлетіп, келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қазақкент Алтай қауымының ұйытқысымен өткен іс-шара бұл ғана емес. Гүнешлидегі қандастарымыз өзара жиі бас қосып, араласып-құраласып тұрады. Осындай басқосуларда танысып, шаңырақ көтерген отбасылар баршылық.