Атырауда ұлттық спорт ұлықталды

Атырауда Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұлттық спорт ұлықталды.

Қала тұрғындары асық атып, ләңгі теуіп, арқан тартып жарысты. Ал ауыл жастары көкпар ойнады.

Қайырғали Смағұлов алаңына жиналған қала тұрғындары алдымен арқан тартысты. Кейін мергендер асық атып, ептілер ләңгі теуіп жарысты. Ал есепке жүйрік балалар тоғызқұмалақ ойнады. Соңғы жылдары балалардың тоғызқұмалаққа деген қызығушылығы артқан. Былтыр Таразда өткен Қазақстан чемпионатында атыраулық 2 студент алтын медаль иеленсе, Алматыда тұңғыш рет өткізілген әлем чемпионатында Мадина Есқайырова жүлделі 3 орынды қанжығасына байлаған. Бұл да ұлттық спортты дәріптеу мақсатындағы іс-шаралардың жемісі, дейді ұйымдастырушылар.

Құрманбай Әшетов, тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы:

- Ұлттық спортты кіішкентай жеткіншектер арасында насихаттау, дамыту, балалардың ойлау қабілетін қалыптастыру, төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Математикалық есепке тәрбиелейді. Қазір жарысқа 35 балақатысып жатыр. Балалардың деңгейі жақсы. Маусым айында Семей қаласында өтетін Қазақстан чемпионаттары бар. Соған анықтап жатыр.

Наурызнамаға сәйкес ұлттық спорт күнінде қала іргесіндегі Жаңаталап ауылының жастары көкпар тартты. Жаппай көкпарда балуандар жеке жүріп жарысты. Әр салымға ақшалай сыйлық табысталды.

Өнербек Жанбала, облыстық ат спорты клубының директоры:

- Қазір 50-ге жуық шабандоз-балуан, көкпаршылар қатысып отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық спортымыз дамып келеді ғой. Сол өзіміздің ұлттық спорттты одан әрі насихаттап, өзіміздің спортымызды дамытып, ауылдарда, елдімекендерде. Соған орайлас ұйымдастырылып жатқан шара бұл.

Қазір өңірде ат спорты қарқынды дамып келеді. Бүгінде әр ауылда бір-бір көкпар командасы бар. Ат баптап, бәйгеге қосып жүрген жігіттер де көп. Аттың жалында ержеткен жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы көңіл қуантады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов