Павлодардағы шетелдік студенттер Ұлыстың ұлы күнін тойлады
Ұлыстың ұлы күні Әз Наурызды шетелдік студенттер де тойлады.
Олардың кейбірі мұндай мейрамды алғаш көрді. Павлодардың жоғары оқу орындарында білім алып жатқан бір топ жас көшпенділердің көнеден жеткен салт-дәстүрлерімен танысты. Наурызды университет қабырғасында сән-салтанатымен атап өткен олар ұлттық ойындарға белсене қатысты. Студенттік филармония әртістері ән мен жырдан шашу шашты. Пәкістан, Ауғанстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Нигериядан келген студенттер жергілікті жастардың өнеріне тәнті болды. Жалпы Павлодардың білім ордалары шетелдің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Бір ғана университет қабырғасында қазір 300-ден аса өзге мемлекеттен келген студенттер білім алады.