Құндылықтарға құрылған мектеп
Қостанай облысының Қарасу ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте ұлттық тәрбиеге ерекше мән береді.
Балалар әдет-ғұрып, салт-дәстүрмен тек музей мен оқулықтан ғана танысып қоймай, ескінің көзі дейтіндей дүниелерді жаңғыртып, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасайды.
Мынау Қарасу мектебінде екі жыл бұрын ашылған музей. Ертеде қолданыста болған тұрмыстық заттар, қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, ат әбзелдері.Осының бәрі ата-ана, оқушылардың көмегімен жиналған. Олардың арасында 19-ғасырға жататын көне заттар да бар.
Қымбат Тоқыбаева, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп директорының орынбасары:
- Бұл бізде май шайқайтын. Сонда мынаны бұрғанда, тез-тез бұрғанда кәдімгідей қаймақты майға шайқап, май істейтін. Енді мұны өзіміз дұрыстап алдық. Үлкен әжеміз берді естелікке.
Сол ескі заттарды оқушылар өз қолдарымен тазартып,ақауларын дұрыстап, бастапқы қалпына келтіруге тырысады. Оның да өзіндік мәні бар.
Қымбат Тоқыбаева, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп директорының орынбасары:
- Ұрпақтарымыз бұрыннан атам заманнан келе жатқан дәстүрлерімізді, салт-дәстүрлерімізді заттарымызды ұмытпасын, яғни қайдан шыққанын, тегін ұмытпауы үшін негізінен.
Бұл мектепте сурет, қолөнер, мүсін бағытында жеке пән бар, үйірме де жұмыс істейді. Мынау тігін сыныбын кішігірім цех дерсің. Кең бөлмеде бірнеше тігін машинкалары, эскиздер, мата, жіп, осының бәрі балалардың иелігінде. Олардың қолынан шыққан бұйымдар шынымен көз тартады.
Бекжан Кенжебаев, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Өзінің қолымен жасаған заттар қазір бағаланады. Сол балалар кішкене болса да, қолынан келгенін жасап, анасына сыйлық жасайды, өздеріп алып кетіп жатады. Тәрбиелік мән жағы да бар балаларға. Қазір көптеген телефоннан кішкене бір сәт айырылуға осы қолөнердің септігі тиеді деп ойлаймын.
Қарасу негізгі білім беру мектебінде еліміздің Қорғаныс министрі болған Мұхтар Алтынбаев атындағы сынып бар. Авиация генералының өз қолымен жазған тілек хаты, киген ұшқыш шлемі осында сақтаулы. Халық қаһарманы ауыл мектебіне басқаларға таңсық электронды тир тарту еткен.
Мәулен Райымбеков, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі:
- Қанағаттанарлық деген баға шығып тұр бірінші мишеньде, яғни бір оқ тимей кеткен. Екінші мишенде біз көріп отырмыз, баға өте жақсы деген. Онда үш оқта бас жағына тиген.
Бұл мектептің оқушылары түрлі өнер бәйгелерінде топ жарып жүр. Былтыр өткен Абай және Мұқағали оқуларында қарасулық үш қатысушы жүлделі орындардан көрінді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров