Шетелден киіз үйге сұраныс бар
Киіз үй жасайтын Қостанайдағы жалғыз кәсіпорын биыл өндірісті кеңейтпек, деп хабарлайды 24KZ.
Сән-салтанаты келіскен этноөнімге шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Баба мұрасын жаңаша стильмен үйлестірсек, оның тартымдылығы арта түспек, – дейді мамандар. Қазақтың қарапайым киіз үйін ұлттық бренд ретінде әлемге танытуды мақсат еткен кәсіпорында біздің тілшіміз болып қайтты.
Цехтан енді шыққан кезекті он екі қанатты ақ боз үйдің шаңырағы көтерілді. Стандартқа сай жасалған жабдықтарын құрастырудың еш қиындығы жоқ. Бар жасауын малындырып, құрап шығуға әрі кетсе бір сағат уақыт жоғалтасың. Ал енді оның керек-жарақ бұйымдарын дайындауға кемі екі-үш апта кетеді. Әр киіз үйдің пішіні көлеміне байланысты ағашты кесіп, жонып, қиыстыру аса дәлдікті қажет етеді.
Азат Жайсанов, ағаш шебері:
- Арнайы ағашын таңдау болады. Сосын қалыпқа саламыз. Кептіріледі. Бір-біріне жалғап, осылай шеңбер қылып шығарамыз. Содай кейін әшекейлеу басталады. Оюлары бар, бұрыштарын алу. Он екі қанатты үйдің шаңырағын істеу үшін 2-3 аптаның көлемінде уақыт кетеді.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Киіз үйдің керегесіне кей кездері қарағай мен терек қолданылады. Ал уық пен шаңырақ міндетті түрде қайыңнан жасалады. Бұрын бабаларымыз уықты отқа, шоққа қыздырып иетін. Қазіргі кезде технологияның дамыған кезеңінде бұны арнайы қондырғыда бір-екі минуттың ішінде қажетті қалыпқа келтіреуге болады.
Ағаштардың қасиетіне байланысты оларды бояудың өзіне бап керек. Ал бұл тұста тігін цехында киіз үйдің жасаулары тігіліп жатады. 10 жылдан астам этнодизайнер болып істейтін Лариса Ягудинаға бұл бұйымдар таңсық емес. Ісмер жанның қолынан шыққан сырмақ, желбау, басқұрылар көз тартар сәнділігімен ерекше.
Лариса Ягудина, тігін цехының дизайнері:
- Мәдениет, тарихқа қатысты әдебиетті оқимыз. Бұрынғы қолөнер туындыларын зерттеп, қарап жүреміз. Соларды негізге ала отырып, бұйымдарға заманға сай жаңаша сипат беруге тырысамыз. Яғни, ою-өрнек жасау дәстүрін бүгінгі технологияға бейімдейміз.
Кәсіпорын жылына бар жабдығымен 100 киіз үй жасауға қауқарлы. Алты қанаттыдан бастап, хан ордасы саналатын 24 қанатты ақ боз үйді құрап бере алады. Қазір этноөнімге Қазақстаннан тыс шетелден де сұраныс бар.
Айдар Бейсенбаев, кәсіпкер:
- Қазаннан жігіттер келеміз деп жатыр, алдын ала сөйлесіп қойдық. Бізге тапсырыс береміз, – деді. Дайындалып жатырмыз. Олар: «үлкен этноауыл жасаймыз», – деді. Мынау Татарстанда. Сонда жігіттермен қазір келіссөз жүріп жатыр. Соларға келісеміз дей ойлаймын. Оларға да жасаймыз.
Бұл кәсіпорын ағаш өңдейтін, бұйымдар тігетін бірнеше цехтан тұрады. Биыл олардың қатарын киіз басатын тағы бір цех толтырады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.