Қазақстан лаңкестікті қатаң айыптайды
Қазақстан лаңкестіктің барлық түрін қатаң айыптайды және жаһан елдері террорға қарсы күресте күш біріктіруі тиіс деген ұстанымға берік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл пікірін халықаралық аренада үнемі айтып жүр. Бүгін АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдауында да Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, әлем елдері терроризмге қарсы күресте күш біріктіруге тиіс. Сарапшылар: «мұндай қадам лаңкестікпен күрес және оның алдын алуда үлкен рөл атқарады», – деп отыр.
Шырынбек Оңғаров, ҚР Президентінің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының сарапшысы:
- Бұл бағытта Мемлекет басшысының жасаған жұмыстарын толығымен қолдаймыз. Осындай оқиғаларды біздің елімізде болдырмау бағытында біздің мемлекетіміз барлық күш-жігерін жұмсайды. Біздің күштік құрылымдар осы бағытта жұмыстарын жасауы керек.