Жетісуда егіс науқаны басталды

Жетісу облысында көктемгі егіс науқаны басталды. Өңір шаруалары 100 гектарға дәнді-дақыл сеуіп, жер жырту, ылғал сақтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Биыл аймақ дихандары 520 мың гектардан астам жерді игермек. Науқан ойдайғыдай өту үшін 4 мың тоннадан астам жанар-жағармай және тиісті көлемде тұқым дайындалды дейді - сала қызметкерлері.

Былтыр еңбеккелер өсірген өнімін сата алмай қиналған еді. Осыған байланысты биыл ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыру қолға алынады. Негізінен жүгері алқабы азайтылып, майбұршақ, күнбағыс көлемін ұлғайту көзделген. Әсіресе, қант қызылшасына басымдық беріліп, 11500 гектарға тәтті түбір егу жоспарланып отыр.

Азат Қимадиев, шаруашылық жетекшісі:

- Қант қызылшасын 20 гектар егеміз. Қазір қант қызылшасын еккен кішкене тиімді болып тұр бізге. Екі зауыт оның субсидиясы бар бәрі жақсы көмегі бар. Сол қант қызылшасына көшіп жатырмыз.

Бақтияр Шампиков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Дәнді дақылдар 10,5 гектарға азаяды. Оның ішінде дәндік жүгері 15,5 мың гектарға азаяды. Сонымен қатар картоп 880 гектарға азаяды. Ал басымдық дақылдар 16 мың гектарға ұлғаяды. Оның ішінде майбұршақ, күнбағыс 6 мың гектарға, қант қызылшасы 2,7 мың гектарға және 6,6 мың гектарға мал азық дақылдары көбейетін болады.