Ұсталық пен зергерлікті қатар меңгерген шебер
Түркістан облысында халық қолөнерінің сыры сақталып, қайта жаңғыра бастады.
Әсіресе Төле би ауданында ат әбзелдерін жасау мен ер шабуға ерекше мән берілді. Құрбанәлі Ағаділов бабадан дарыған даралықты келер ұрпаққа қалдыру үшін шәкірттерді қызықтырудың тың тәсілін қолданып жатыр.
Құрбанәлі Ағаділов ұсталық пен зергерлікті қатар меңгерген шебер. Оған ұрпақтар сабақтастығы арқылы ер шабу өнері дарыды. Сондықтан бабадан балаға ер-тұрман жасау технологиясы бұзылмай жетті. Айтуынша көшпенді халықта тұрмыс салтқа байланысты ер-тоқымның түрі де көп болған.
Құрбанәлі Ағаділов, қолөнер шебері:
- Ат үстінде ерсіз аударыспақ болмайды, көкпар болмайды. Бәйге, қыз қуу, жанбы ату, теңге алу деген ойындардың бәрі аттың үстінде. Оған ер-тұрман керек. Ал ер-тұрманның бір-ақ түрі ғана емес жаңағы айтқанымдай 30 түрі болған. Ол енді түрінің формасының өзгелігі, оюлары да басқасы бір-біріне ұқсамайды.
60 жастағы шебер жақсы ер-тоқым жасауға шамамен бір ай уақыт жұмсайды. Осы аралықта ердің алдыңғы қасымен артқысын шауып, оны былғарымен қаптайды. Кейін түрлі ою-өрнек басып, асыл тас, күміспен безендіреді. Дайын өнімге сұраныс жоғары. Алайда жастар жағы ұсталыққа ұмтылмайды деп қынжылады.
Құрбанәлі Ағаділов, қолөнер шебері:
- 5-6 ұста істеген ер Қазақстанға жетіп жатқан жоқ. Қазір бізге Қырғызстаннан келіп жатыр. Қырғыздың ерлері темірден істелген бастары. Өзбекстаннан келіп жатыр панерадан жасалған ерлер. Сондықтан қазірдің өзінде жетіспейді. 15-20 жылдан кейін бізде ер істейтін адам мүлде қалмайды.
Құрбанәлі Ағаділов соңғы 2 жылда ата кәсіпті дәріптеуді кеңінен қолға алды. Ұлттық нақыштағы киім киіп, саптама етікпен көшеге шығады. Астындағы жылқысын да сәндік әбзелмен әспеттейді. Осылайша ауыл аралауды әдетке айналдырып, жастарды зергерлік өнерге баулып жүр.
Әбдірашид Шынасылов, зергер:
- Міндетті түрде ұстаздың ықпал етуі өте маңызды. Саған бастапқыда қандай бағыт береді, қалай үйретеді. Біріншіден маған оңай қылып сіңдіріп жіберді. Оңай қылып көрсетті. Соның арқасында маған да тез қонды деп ойлаймын.
Әуесбек Әсілбек, Төле би аудандық мәдениет бөлімінің басшысы:
- Қағазбен жұмыс істейтін, жүнмен жұмыс жасайтын әртүрлі бағатта жұмыс жасайтын қолөнершілер көбейіп келе жатыр. Ал енді ер шабу бойынша айтсам үйірме жұмыстарын жүргізу үшін арнайы қаржы қарап, айлықпен отырып, жұмысын жалғастыруға ақылдасып жатырмыз.
Бір ғана үйірмемен жастарды үйіре кету қиын. Сондықтан Құрбанәлі Ағаділов келер ұрпаққа мұра болар кітап қалдырғысы келеді. Сонымен қатар музей ашып, ер-тұрманның ерекшелігін кеңінен дәріптеуге ден қоймақ.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов