Қ. Бишімбаев: Нүкенованың өліміне қатысым бар

Кезекті сот отырысында күдікті Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған «аса қатыгездікпен адам өлтірді» деген айыппен келіспеді.

Бірақ, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысы бар екенін мойындады. Бұрынғы министр қайғылы оқиғадан кейін 5 ай бойы марқұмның туған-туыстары әлеуметтік желіде оған қарсы науқан ұйымдастырғанын да айтты. «Сондықтан қорғануыма тура келеді», - деді Бишімбаев.

Риат Шони, тілші:

- Астадана экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты алқабилердің қатысуымен сот процессі жалғасып жатыр. Бүгін айыпталушы тараптың адвокаттарының бірнеше мәрте өтінішінен кейін сот ақыры Бишімбаевтан жауап алды. Экс-шенеуніктің сөзінше, ол өзіне тағылған айыптармен, яғни, аса қатыгездікпен адам өлтірді деген кінәні мойындамайды. Бірақ, Салтанат Нүкенованың өліміне өзінің қатысы бар екендігін айтты.

«Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары әу бастан, бұл бапты «абайсызда адам өлтірді» деп ауыстыруды сұрап келеді. Тіпті оған марқұмның денесіндегі жарақаттар да дәлел», - дейді қорғаушылар.

Ләйлә Рамазанова, Қ. Бишімбаевтың адвокаты:

- Біздің қорғауымыздағы адам аса қатыгездікпен кісі өлтірген жоқ. Оған нақты сенімдіміз. Айыптау актісінде марқұм жеңіл жарақаттар алды делінген. Бірақ, Бишімбаев бұл оқиғаға өзінің қатысы бар екенін мойындайды.

Қуандық Бишімбаев марқұммен қалай танысқанын және арадағы қатынасы қандай болғандығын егжей-тегжейлі баяндап берді. «Айыпталушы айлар бойы Салтанат Нүкенованың туған-туыстары әлеуметтік желіде оған қарсы пиар-науқан жүргізді деп отыр. Сондықтан құқықтарымды қорғауыма тура келеді», - дейді күдікті.

Қуандық Бишімбаев, айыпталушы:

- Мен өзімді қасақана асқан қатыгездікпен адамды өлтірдім деген айыппен келіспеймін.

Бишімбаев жарының тойдан кейін мүлдем басқа адамға айналғандығын айтады. Болымсыз нәрсеге қызғанатын дейді. Ал марқұмның ағасы Қайрат Нүкенов Бишімбаев жазадан қашып құтылудың әрекетін жасап отыр деді.

Қайрат Нүкенов, марқұмның ағасы:

- Бірдеңе бүлдірдің ба? Еркекше жауап бер. Ал қазір Бишімбаев сот отырысында концерт ұйымдастырып отыр. Ол сотқа да, жәбірленуші тарапқа да немқұрайлы қарайды.

Экс-министрге қатысты сот процессі әлі жалғасып жатыр. Қуандық Бишімбаевтың ісі алқабилердің қатысуымен өтуде. Мұны заң бойынша айыпталушы тарап өзі сұраған болатын. Оның үстіне қоғамда резонанс тудырған іске қатысты отырыс Жоғарғы соттың ютуб арнасында да тікелей көрсетілуде.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Қарақойшиев