Қостанай облысының су басқан ауылдарына жемшөп жеткізіліп жатыр
Қостанай облысының су басқан аудандарында мал азығы азайды, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір жан-жақтан жем-шөп әкелініп жатыр. Жайылым жерлерді су басып кетті. Сондықтан халық төрт түлікті амалсыз қорада ұстап отыр. Қиын жағдайға тап болған ағайынға шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер қол ұшын созды. Жанкелдин, Аманкелді аудандары мен Арқалық қаласына қайырымдылық көмектің алғашқы легі келіп жетті.
Руслан Құлетов, Арқалық қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда аудандардан 62 тонна шөп, 85 тонна жем әкелініп берілді. Жалпы жоспарланған 85 тонна шөп, 200 тонна жем деп отырмыз. Осыған байланысты бұл жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Бөлінген жемшөп үлестіріліп беріліп жатыр.
Екатерина Жангузинова, Северный кентінің тұрғыны:
- Қиын-қыстау кезде көмек бергендерге мың алғыс. Жемшөпсіз қалып едік, енді жер кепкенше амалдаймыз деп ойлаймын.