Тағы бір тілсіз жауға дайындық. Жаздың қамын қыс ойла!
Ақмола облысында орман өртіне қарсы дайындық жұмыстары аяқталды. Қазір жергілікті орманшылар техникаларын жөндеп, құрал-саймандарын дайындап қойған.
Дегенмен кейбір шаруашылықтардың дайындығы сылбыр. Осыған байланысты тиісті лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің Зеренді филиалы жазғы маусымға сақадай сай дайын. Қазір мұндағы орман алқабы 36 мың гектардан асады. Елу шақты орманшы бар.
Күшпай Бұқанов, "Көкшетау" МҰТП филиалының директоры:
- Біздің филиалда өрт сөндіру станциясы тәулік бойы жұмыс істейді. Сегіз адам қауіпсіздікті бақылайды. Алқаптарда тілсіз жауды шұғыл анықтайтын бейнебақылау камералары орнатылған. Әзірге, үш камера істеп тұр. Алдағы уақытта тағы көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Барлық орман шаруашылықтары дала өртіне қарсы дайын болуы тиіс. Инспекторлар осындай міндет қойып отыр. Себебі тілсіз жау айтып келмейді. Ал дайындықтарын қамдамаған басшылар қатаң жазаланады. Осы күнге дейін үш орман шаруашылығының директоры мен бес жауапты тұлға 900 мың теңге айыппұл арқалап үлгерді.
Арман Тұрымбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
- Тексеріс барысында өртке қарсы жоспардың болмауы, техникалар мен құрал-жабдықтардың әбден ескіргені анықталды. Орман шаруашылығы иелеріне міндетті нұсқамалар берілді. Олар олқылықтарды белгіленген мерзім ішінде орындаулары шарт.
Орман шаруашылықтарының техникалық базасын нығайту өзекті мәселенің бірі. Былтыр бұл салаға 470 млн теңге бөлінген. Ондаған өрт сөндіру көлігі мен патрульдік кешендер сатып алынды. Ал биыл техникалық паркті жаңартуға 100 миллионға жуық теңге қарастырылып отыр.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко, «24.KZ», Ақмола облысы