Түркістан облысындағы егістік алқаптары қурап барады

Еліміздің солтүстік өңірлері аққан суды игере алмай жатса, Түркістан облысындағы диқандар су тапшылығынан шығынға батқалы отыр.

Шаруалар бір алқаптан екі рет өнім жинау үшін ерте көктемде көкөніс көшеттерін еккен. Алайда егістік алқаптарында көшеттер көктей солып, ауру түсе бастады. Мысалы қырыққабат жапырақтары қурап кетті. Қызылшаның да өңі қашып, сарғайып жатыр.

Айта кетейік, өңірдегі 22 мың гектар егістік Келес өзені арқылы суарылады. Қалған шаруашылықтар Өзбекстаннан келетін каналдан су алады. Қазір сол арна құрылыс жұмыстарына байланысты кеуіп тұр. Диқандар көктемгі егіс науқанында құрылыс жүргізіп, суды бөгеп қойған жауаптыларға наразы. Себебі, тіршілік нәрі тағы 1 аптада жеткізілмесе егістік толық күйіп кетеді,-деп алаңдаулы.

Нұрсейіт Рыспаев, диқан:

- Суарылмағанның себебінен капустамыз солады. Біз шығынға батамыз. Кредит алып отырмыз үкіметтен, КМФ-тен. Су мұрапқа айттық. Су мұрап жоғарыдан рұқсат берсе ғана ашамыз дейді. Біз қазір бір бестіктен ғана су қойып жатырмыз.

Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

- Бірлесу ауылдық округі қазір СТК каналынан су ішеді. СТК каналы бізде Өзбекстан Республикасына тәуелді канал. СТК каналы бұзылуға, ақауға байланысты біз Бозсу ирригация басшылығын осында Қазақстанға шақыртып, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2-3 күнде біз ол ремонттарды бітіргіземіз.