Шұғылбайдағы шұғыл шара. LIVE

Абай облысының Көкпекті ауданында су тасқынынан қауіп сейілмей тұр.

Шұғылбай ауылына, қар суы даладан келіп жатыр. Қазір елді мекенде төтенше жағдай мамандары мен әскерилер жүр.

Бұған дейін Көкпекті ауданының Биғаш, Көкжайық ауылдарындағы бірнеше үйдің ауласына су кірген болатын. Ол ауылдарда бүгінде жағдай тұрақты. Қазір біздің өңірдің құтқарушылары мен Алматы облысының әскерилері Шұғылбай ауылында. Онда қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Бұл туралы Көкпекті ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев айтып берген еді.

Ділдәбек Оразбаев, Көкпекті ауданының әкімі:

- Мұның бәрі қардың суы. Қазір келіп жатқан. Өзен суы емес. Қазіргі таңда Шұғылбай ауылында 60-тан астам сарбаз жұмысын атқаруда. Одан басқа біздің жергілікті атқарушы органның есебінен ол жақта 100-ге жуық адам, бүкіл ел болып жабылып жатырмыз. Бірақ бірде бір үйге су кірген жоқ. Тек транзит арқылы суды шығарып салып жатырмыз. Қауіп бар. Қауіп жоқ деп айтпаймыз. Ешуақытта босаңсуға болмайды

Бірнеше күн бұрын осы аудандағы Тассай ауылына баратын көпірді су шайып кеткен болатын. Ауылға қажет азық-түлік қайық арқылы жеткізіліп жатыр. Мұны жаңа аудан әкімі айтты. Жалпы, облыста тасқын қаупі сейіліп келеді. Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, қазір Көкпекті ауданының Шұғылбай ауылында ғана тасқын қаупі бар. Негізгі күш сонда жұмылдырылған.

Бұдан бөлек Бородулиха ауданында су деңгейіне мониторинг жасалуда. Елді мекендерге қауіп жоқ дейді мамандар.

Азамат Қасым, 24.KZ, Абай облысы