Белгілі журналист Ғ. Шалахметов өмірден озды
Отандық журналистиканың дамуына серпін берген Ғаділбек Шалахметов 81 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды 24KZ.
Қоғам қайраткері елдегі ақпараттық ұйымдарды басқарып, Президенттің алғашқы Баспасөз хатшысы қызметін атқарған еді. Оның жарқын бейнесі мен қолтаңбасы қазақ телевизиясының алтын қорында сақтаулы.
Ғаділбек Шалахметовтің баспасөз саласына келгеніне биыл 60 жыл толады. Қатарластары мен шәкірттері мерейтойды атап өтуді жоспарлап жүрген. Өкінішке қарай, қоғам қайраткері ол күнге жете алмады. Телевизия тарланы тоқырау жылдарынан бастап қазақ журналистикасының жай-күйіне куә болды және дамытуға өлшеусіз үлес қосты.
Махат Садық, журналист:
- 80-ші жылдардың аяғында ол бүкіл қазақстандық телевизия мен радионың басшысы болды. Қазір енді ондаған телевизия бар ғой елімізде. Мықты маман болды. Бізді қорғай білді, жас журналистерді. Қазақ халқының тәуелсіздік алуына толық құқығы бар екенін және Қазақ мемлекеті өзінің үрдісімен дами алатынын көрсетті.
Бұл – астанадағы іргелі университеттің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы. Ғаділбек Шалахметов өмірінің соңғы жылдары дәл осы жерде қызмет атқарған. Ол 300-ден астам ғылыми және публицистикалық мақала жазды. Бұл еңбектері студенттерді оқытуда әлі кеңінен қолданылып жатыр, – дейді әріптестері.
Қайрат Сақ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы:
- Семей полигонына байланысты, Арал қасіретіне байланысты ол кісінің жазған публицистикалық еңбектері тек тарих үшін емес, бүгінгі жастар тәрбиелеу ісіне үлкен үлесі бар. ТМД елдерінде ол кісі – өте танымал, өте сыйлы адам. Сол арқылы біздің факультетіміздің өрісінің кеңеюіне, халықаралық деңгейге көтерілуіне ол кісінің достарының да үлесі көп тиді.
Қоғам қайраткері саналы ғұмырында отандық журналистикамен қатар мемлекетаралық телевизияның да тарланына айналды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева танымал тілшінің еңбек жолы кейінгі буынға үлгі-өнеге екенін айтты.
«Мемлекет және қоғам қайраткері, телевизия саласының майталманы Ғаділбек Шалахметовтің өмірден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Майталман маман мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының негізін қалап, БАҚ саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Компанияның құрылуы отандық телевидениенің дамуына жасалған стратегиялық маңызды қадам болды. Марқұмның отбасына, жақындарына және әріптестеріне шын жүректен көңіл айтамын». Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі.
Ғаділбек Шалахметовтың жарқын жүзі мен үні бейнеқорлармен қоса қалың қазақ жұртының жүрегінде мәңгіге қалады. Белгілі журналисті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 6 сәуір күні Алматы қаласында өтеді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Асхат Қойшыбаев.