250 жылдық тарихы бар қазан
Елордада 250 жыл бұрын құйылған қара қазан бар. Иесі той, мейрамдарда бауырсақ пісіріп, сосын хан сорпасынан елге дәм татқызып жүр.
Қолдан қолға өтіп, талай тарихтың куәсі болған қазанның қазіргі иесі құнды дүниені көзінің қарашығындай сақтап, елордаға әкелген. Бір салғанда 100 келі ет сиятын қара қазан жайлы сіз де біле жүріңіз.
«Қазаның оттан түспесін». Үлкендердің осынау батасында үлкен мән жатыр. Кәсіпкер Жұмағали Арыстан мұны жақсы түсінеді. Ол үшін осыдан 35 жыл бұрын қолына түскен құнды жәдігері – қара қазанның көрмеде тұрғаны емес, ұрпақтан ұрпаққа береке болғаны маңызды.
Жұмағали Арыстан, кәсіпкер:
- Қасымдағы жігіттерге айттым. Ей, жігіттер, бір қазан іздейік. Үлкен қазан керек бізге. Сонда менің дәнекерлеушім айтады. «Біздің көршіміз – бір үлкен кісі саябағында ұстап отыр сондай қазанды. Соған суын құяды, күннің көзіне жылынады, сол суды гүліне құяды». Сосын мен сатып алайық дедім. Шын жүректен ризамын. Ол кісі айтты «мен бұл қазанды 100 жылдан ұстап отырмын. Бірақ ұрпақ қалмады. Мен берейін осы қазанды».
Шойын қазан 1775 жылы жасалған. Оны бүйіріндегі сандар дәлелдейді. Отандық ғалымдар ұсынған тиісті құжаттар да бар. Осы күнге дейін Қостанайдағы қара шаңырақта сақталған қара қазаннан шетелдіктер де дәм татқан. Жұмағали Арыстан көне ыдысты Астанада өткен халықаралық ЭКСПО көрмесінде әкеліп, көпшілікке ыстық бауырсақ таратқан. Ал биылғы Наурыз мейрамында жиналған қауымды хан сорпасы тәнті етті.
Жұмағали Арыстан, кәсіпкер:
- Қазанды мен осында қалдырдым. Жоспар қандай? Мен қазанды үйіме әкелдім ғой қара шаңыраққа. Сосын ойладым, қара шаңырақ деген үлкен концепция. Соған бүгін іздеп жатырмын. Біріншіден үкімет қой. Қазанның 7 бағыты бар. Үкімет қолдаса, минимум 30 мың адамға мына проектылармен өз жұмыстарын бастауға болатын еді. Қазақтың дәстүрімен, баталарымен біз осы тірлікті өзіміз де істей аламыз.
Иә, жасаймын деген жан болса, жобалар дайын. Мақсат – бабалар дәстүрі мен бүгінгі құндылықтарды сабақтастыру. Сол арқылы ұрпақ бойына сіңіру.
Әмір Арыстан, немересі:
- Атам маған қазан жайлы үнемі айтып отырады. Оның құндылығын көп түсіндіреді. Енді қазан маған мұраға қалады. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік.
Кәсіпкердің арманы көп. Қазанды кең көлемде насихаттау үшін Елорда төрінен этноауыл құрғысы келеді. Бұл мақсатқа жеткенше көне жәдігер қоймада тұрады.
Анас Қамалов, сақтау қоймасының қызметкері:
- Қара қазанның тарихын бұл кісі маған жақсылап айтып бергенде, өзім біртүрлі, көкірегім кеңіп, мақтанышпен қарсы алдым. Орын жоқ болса да, орын тауып бердім. Дәл менің жанымда, постың алдында күнде қарап отырамын.
Елордадағы Достық үйінде тұрған бұл қазан Жұмағали Арыстанның тартуы. Өзіндегі киелі ыдыстың дәлме-дәл көшірмесін арнайы жасатқан. Міне бірнеше жылдан бері қала тұрғындары мен қонақтарына осы қазанда пісірілген ыстық бауырсақтан дәм бұйырып жүр.
Мерей Мұратханқызы, Мадияр Қындыбаев, 24.KZ