Жылыой ауданында жағдай күрделі. LIVE

Ал Атырау облысында Жем өзенінің деңгейі көтеріліп, Құлсары қаласындағы ықшам аудандарды басып жатыр. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Жылыой ауданында жағдай күрделі. Қазір ауданның 40 процентін су басқан. Ал Құлсары қаласының 35 пайызы суға кетті. Тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшіріліп жатыр. Ауданда 10 эвакуациялық орын дайындалған. Тұрғындар сол жерден тамақтандырылады. Бүгін түстен кейін 6 ауыл, 5 ауыл, 2 ауыл мен Вахташылар қалашығы ықшам аудандарын су басып кетті. Аудан әкімі келтірілген шығын өтелетінін айтты.

Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:

- Зардап шеккен азаматтарға біз эвакуациялау пункттеріміз бар. Барлығы да біледі. Және автобус, тиісті автокөлік барлығы да ұйымдастырылады. Сонымен қатар тұрғын үйге, басқа да келтірілген шығындарға мемлекет тарапынан барлығы да өтеледі. Соны анықтап айтқым келеді. Себебі тұрғындар тарапынан осы бағытта көптеген сұрақтар келеді.

Аудан әкімі қазір келіп жатқан судың мөлшерін тап басу қиын екенін айтты. Жағдай сағат сайын күрделеніп барады. Аудан басшысының сөзінше Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарына қауіп жоқ. Десе де сақтықта қорлық жоқ екенін ескеріп, ауыл тұрғындары да бөгеттерін бекітіп жатыр. Жаңа кешке қарай әуеден барлау жұмыстары жүргізілді. Жағдай аудандық штабтың бақылауында, дейді жауаптылар. Қазір 5 мыңға жуық тұрғын, төтенше жағдай қызметкерлері, 300-ден аса сарбаз жұмылдырылған. Десе де жергілікті тұрғындар қол күшінің аз екенін айтады. Сондықтан барша аудан халқын көмекке шақырып отыр. Қазір қауіпті деген аймақтарда қызу жұмыс жүріп жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер, ауыл адамдары қол ұшын созып, жұмысшыларға ыстық тамақ таратуда. Теңіз кенішінде жұмыс істейтін аудан тұрғындары әлі келіп жатыр.