Жылыойлықтарға көмек келіп жатыр. LIVE

Атырау облысы Жылыой ауданына көрші Маңғыстау облысының тұрғындары қол ұшын созып жатыр. Қазір әріптесім Асланбек Шығыр аудандағы ахуалды тікелей эфирде баяндауға әзір.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Кеше кешке қарай су деңгейінің төмендегені байқалды. Аудан әкімдігі суды басқа арнаға бұру мақсатында жұмыстар атқарып жатыр. Су деңгейінің төмендеуіне де сол сеп болған сияқты. Қазір енді табиғи апаттан қиын жағдайда қалған аудан тұрғындарына көмек көрсетуге көрші облыстардан да азаматтар келіп жатыр. Аудан әкімі орынбасарының сөзінш,е бүгінде көрші Маңғыстау облысынан 700-ге жуық сарбаз келген.  

Гүлнәфис Айшуақова, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:

- Жылыой ауданында эвакуациялық жұмыстар басталғанда көршілес Маңғыстау облысы әкімдігімен шұғыл шешім қабылданып, азаматтарымызды қауіпсіз аймаққа көшіру жөнінде. Ақтау қаласынан, Боранқұл, Бейнеуден эвакуациялық пункттер ашты. Қазіргі таңда біздің жылойлықтар сол белгіленген орындарда орналасып жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Жылыойлықтар қиын шақта қол ұшын созған маңғыстаулық ағайынға алғысын айтады. Құлсары қаласының тұрғындарын көлікпен тегін қауіпсіз аймаққа шығарған азаматтардың еңбегі зор. Айта кетейік, қазір Құлсары-Мақат бағытындағы пойыз жолаушыларды тегін тасымалдап жатыр. Мақат ауданының азаматтары да келген жолаушыларды облыс орталығына тегін жеткізіп жатыр. Соңғы ақпарат бойынша 28 мыңнан астам жылыойлық эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілген.