Бейнеуліктер Жылыой халқына көмектесіп жатыр
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында қосымша эвакуациялық пункттер құрылды.
Бұған дейін Атырау облысынан көшірілген азаматтар үшін Бейнеу ауылында 13 уақытша орналасу орны жасақталған болатын. Ал қазір аудан бойынша 37 пункт жұмыс істеп тұр. Олар әлеуметтік нысандар, кәсіпорын жатақханалары, мектептер мен колледждерде жабдықталды.
Соңғы күндері Жылыой ауданынан Маңғыстау өңіріне 18 мың 342 адам эвакуацияланған. Соның ішінде 8 мың 500-дей адам Бейнеу ауылына уақытша тұрақтады. Ол жерден әріптесім Талғат Исламұлы қазір бізбен тікелей байланысқа қосылды.
Біздің түсірілім тобы эвакуациялық пункт құрылған мектептердің бірінде жүр. Бұл жерде Атырау облысының 200-ден аса тұрғыны орналасқан. Оларды азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық бұйымдармен Бейнеу ауданының халқы қамтамасыз етіп жатыр.
Қайырымды азаматтар жинаған заттарды жеткізіп, үлестіру жұмыстары ерікті жастарға жүктелген. Таңсәріден бері волонтерлер мұнда көкөніс, сәбилерге арналған жөргек, ересектер үшін аяқ және сырт киімдер әкеліп жатыр. Мектеп ұжымының таңғы ас дайындап, дастархан жайған сәтіне де куә болдық. Қайырымдылық іске жұмылған еріктілердің пікіріне құлақ түрелік.
Нұрдәулет Аманқосов, Бейнеу ауылының тұрғыны:
- Халық болып көмектесіп жатырмыз. Сол халықтың әкелген азық-түлігін Атыраудың Жылыой халқына шамамыз келгенше таратып, теңдей бөлу мақсатында жұмыстанып жатырмыз. Қиыншылықты тек қана халық болып бірігіп, жеңіп шыға аламыз.
Молдахан Малбасов, Күйкен жалпы білім беру мектебінің директоры:
- Бізге негізінен отбасылар келді. Әрқайсында 5-6 бала-шағасы бар екен. Еріктілер тобы, сонымен бірге бізге Бейнеу ауданының халқы жақсы көмектесті. Ыдыс-аяқ, тамақтарға дейін, жататын орындарға дейін әкелді. Қазіргі таңда барлық жағдайды жасақтап қойып отырмыз. Медициналық көмек беріліп жатыр. Тазалық жұмыстары, әйел адамдарға, балаларға қажетті құралдарды әкеліп берді. Қазір 217 адам тіркелгенімен, оның көбін біздің әріптестеріміз үйлеріне алып кетті.
Бейнеу мектептерінде эвакуациялық пункттер ашылуына байланысты оқушыларға сабақ 12 сәуірге дейін онлайн форматта жүреді. Ұстаздар жұмыс орнында отырып, дәрісті ғаламтор арқылы өткізеді. Осы ауданға Атырау облысынан келген ағайынға 25 әлеуметтік қызметкер мен 29 психолог қол ұшын созды. Көшелерін тасқын су басқан Құлсары қаласына Жаңаөзеннен 30-дан аса арнайы техника жеткізіліп, 60 адам көмекке барды.
Талғат Исламұлы, 24.KZ, Маңғыстау облысы