Қонаевта жол жөндеу жұмыстары басталды

Қонаев қаласында да жол жөндеу жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 3,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.

Оған шағын аудандар ішіндегі жолдарға күрделі жөндеу жасалып, инженерлік желілер қайта тартылады.

Қонаев тұрғындарының жолдарды күтіп ұстауға қатысты пікірі әралуан. Өйткені олар қаланың бұрынғы атауы өзгеріп, Алматы облысының орталығы мәртебесіне ие болғанда жолдардың жағдайы жақсарып, асфальт төселген тақтайдай тегіс көшелермен жүреміз деп үміттенген еді. Бірі сол үміт ақталды десе, енді бірі жолдардың жағдайы әлі күнге дейін сын көтергісіз күйде, – дейді.

Алматы облысының орталығындағы көшелерді күрделі жөндеуден өткізуге былтыр жергілікті бюджеттен 3,7 млрд теңге қаралып, сол қаржының төрттен бір бөлігі игерілген. Жақында тағы 500 млн теңге бөлінді. Қонаев қаласының жаңадан бекітілген Бас жоспарына сәйкес биыл облыс орталығындағы 10 көше күрделі жөндеуден өтеді. Олардың қатарында Алматы, Вивальди, Абай, Әуезов, Железнодорожная және Сидранская көшелері бар.

Бағдат Әлиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Осы мөлтек аудандардағы жолдарды кеңейту, қайта қалпына келтіру жасалуы қажет болатын. Бүгінгі күні ағымдағы жылы, 2024 жылы жұмыстар жаңғыртылып, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жұмыстар басталып жатыр. Жалпы ұзындығы осы 8-ші, 10-шы мөлтек аудандарында 14,3 шақырымды құрайтын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Сейфуллин көшесінің ені 15 метрге дейін кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер мен веложүргізушілерге арналған жол жасалды. Көше бойына шамдар, жаңа аялдамалар орнатылып, абаттандырылып жатыр. «Ақылды қала» тұжырымдамасына сай шаһар көшелеріне 18 «ақылды» бағдаршам мен арнайы бағдарламамен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі салынатынын да айта кетейік.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.