Қазақстандықтар Шенген визасын алу үшін жалған құжат тапсырған
Қазақстандықтар Шенген визасын алу үшін жалған құжат ұсынуды жиілеткен.
Бұл – Еуропа елдері консулдарының берген ақпараты. Жағымсыз фактілер өз кезегінде құжат рәсімдеу мерзімінің ұзарып, тіпті виза беруден бас тарту жағдайларының артуына әсер етіп отыр. Бұл жайында еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте мәлімдеді. Бүгінде министрлік Еуропалық одақ өкілдерімен визалық режимді жеңілдету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Ресми өкіл азаматтарымызға қажетті құжаттарды ұсыну, визаға өтініш беру, сондай-ақ алымдарды төлеу процесін мұқият бақылауға шақырды.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Виза алу үшін жалған фактілері бар құжаттарды ұсыну ҚР имиджіне елеулі зиян келтіріп, визалық режимді либерализациялау бойынша келіссөздерді жүргізуді қиындатады. Сондай-ақ болашақта визадан бас тарту мүмкіндігін арттыра отырып, азаматтарымыздың визалық тарихын нашарлатады. Мұндай ұсынылған құжаттар оларды мұқият тексеру қажеттілігіне байланысты визалық өтініштердің қарау мерзімін ұзартады және нәтижесінде азаматтардың визаны кешіктіру туралы шағымдары жиілеп кетеді.