СҚО-дағы үш ауданды су басу қаупі бар
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Есіл және Шал ақын аудандарында, сондай-ақ Петропал қаласында жағалауларды бекіту жұмыстары күшейтілді.
Тұрғын үйлерді су шайып кетпес үшін 80 мыңнан астам қапшық құм дайындалып, 40 мыңы төселді. Тасқынға қарсы шараларға 1 жарым мыңнан астам адам жұмылдырылып, 200 техника тартылған. Бұл жайында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов Республикалық ақпараттық штаб брифингінде баяндады. Сергеев су қоймасының толу деңгейі 182 процентті құрап отыр. Еріген қар суын сору, арықтарды тазарту жұмыстары барынша қолға алынған. Қазір солтүстік өңірде 75 үй су астында қалып отыр.
Мұрат Қанғожинов, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
- Су тасқынына қатысты жағдай үздіксіз бақылауда. Облыста қар жабыны 30 процентті құрайды. Жалпы 360 адам эвакуацияланып, олардың 44-і үйлеріне оралды. Облысқа Түркістан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар облыстары мен Алматы қаласынан 206 құтқарушы келіп жетті. Қорғаныс министрлігінің 300-ден астам қызметкер де осында жұмыс жүргізіп жатыр.