Болашақта болжаусыз апат болмайды
Тасқынның келерін бір жыл бұрын болжауға болады. Бұған жаңа технология көмектеседі дейді шығысқазақстандық ғалымдар.
Олар спутниктік түсірілім, су мен топырақтан алынған сынама негізінде су басу қаупі жоғары жерлердің картасын әзірлеп жатыр. Инженерлер мен гидрологтар жобаны құтқарушылармен бірлесіп жүзеге асырмақ.
Үш саланың мамандары бір мүддеге жұдырықтай жұмылған. Ал техниканың тілін білетіндер су басу қаупі бар барлық жерді картаға түсіруде. Өйткені қазір қол қусырып отыратын уақыт емес. Елдегі және өңірдегі жағдай осыны талап етеді.
Соңғы 4 жылда жергілікті ғалымдар тасқын қатерінің 40 пайызын дәл болжаған. Толық болжау үшін жер, су мен ауаны зерттеу керек. Техника ғылымдарының докторы Валентина Колпакова бүгінде осы мәселемен шұғылданып жүр.
Валентина Колпакова, техника ғылымдарының докторы:
- Қазір 80 жыл бойы тасқын болған жоқ деп жатырмыз. Бірақ нақты жылы айтылмайды. Бізге нақты қай жылы болғаны керек. Қай жылы қандай мөлшерде қар жауып, тоң қатқанына дейін назарда ұстағанымыз абзал.
Мамандардың айтуынша, Шығыс Қазақстанда 1956 жылы дәл биылғыдай қыс болған. Мұндай қыс алдағы жылдары да болуы мүмкін. Қамсыз отыруға болмайды. Бағдарламашы Руслан Четтыкбаев осының бәрін ескеріп, тасқынды алдын ала болжайтын онлайн карта әзірлеп жатыр.
Руслан Четтыкбаев, бағдарламашы:
- Бұл бағдарламаға кем дегенде 50 жылдың дерегін сақтау керек. Сонда су басқан аумақ пен тасқын деңгейін дәл болжауға болады. Бағдарламаның мүмкіндігін молайту үшін жасанды интелектіні қолдануды жоспарлап отырмыз.
Арман Наурызбаев, ШҚО ТЖД төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының басшысы:
- Осы модельді көрдік. Қосатын нәрселер бар. Біз ауызша айттық. Бізге қандай ақпараттар, қандай цифрлар керек екенін. Ол жерде бізге алдын ала судың көтерілу деңгейінің қандай уақытта тұрғын ауданға жететіні, уақыты бізге өте маңызды.
Әзірге өңірде жаңа технологиялардың көмегінсіз 6 су басу қаупі бар аудан анықталған. Төтенше жағдай мамандары мен әскерилер қазір таулы аймақты назарда ұстап отыр. Су нысандары күнделікті бақылауға алынған.
Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, 24.KZ, Өскемен