85 жастағы бағбан 2 млн тал көшетін өсіріп шығарған
Қызылорданың ауасы құрғақ, топырағы тұзды. Сондықтан көпшіліктің санасында «Сыр бойында қара ағаштан басқа тал өспейді» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ Бектай ақсақалдың бағына келсеңіз, бұл ойдың бекер екеніне бек сенесіз.
85 жастағы қария өңірге таңсық қылқан жапырақты ағаштардың түр-түрін жайқалтып қойған. Тіпті тек таудың басына бітетін жасыл аршаның өзін жерсіндірген. 12 жасынан бастап табиғатқа жанашырлық танытқан бағбан осы кезге дейін 2 миллионнан астам тал көшетін өсіріп шығарған.
Табиғатпен етене болғандықтан, қимылы ширақ қарт бағбан біз барғанда күздігүні көмілген жүзімдікті аршып жатыр екен. Бейнеткеш шаруа өскіннің бәрін өз қолымен баптайды. 10 гектардай алқапқа егілген жемістің он шақты түрі мен сәндік ағаштар енді бүр жара бастаған. 70 жылдан астам уақыт қолынан күрек-кетпені түспеген еңбек адамы «Қызылордада ағаш еккенмен, солып қалады» деген сөз нағыз жалқаудың сылтауы екендігін айтады. Бабын тауып, күйін келістірсең, көктеп-көгермейтін өсімдік кемде-кем, – дейді.
Бектай Сүлейменов, бағбан:
- Менің көпжылғы тәжірибем бойынша қалаға негізінен терек, сыр талы, оларға көңіл бөле беруге болмайды. Мынау – қылқанжапырақты ағаштар. Аршаның екі түрі бар, қарағай, осыларды егу керек. Бұлар 300-400 жыл өмір сүреді. Бірнеше ұрпағымызға кетеді. Әрі қаланың сәні. Мінекей, қандай тамаша.
Ес білгелі жомарт жерді идіріп келе жатқан Бектай ақсақал: «Облыс орталығында өсіп тұрған ағаштың 60%-і менің қолымнан шыққан», – дейді. Қаладағы саябақ, гүлзарларды көркейтіп-көгалдандыруға 32 жылын арнаған табиғат жанашыры сексеннің сеңгіріне шықса да, жергілікті орманшыларға ақыл-кеңесін айтып отырады.
Бектай Сүлейменов, бағбан:
- Президент паркін ашқанда 4-5 рет әкеліп екті. Өле береді. Оның барлығы Шымкент, Ташкентте жылыжайда өскен. Ал менде көзін ашқаннан топыраққа егемін тұқымнан. Сол күйінше күнге бейімделіп өседі. Оны көлеңкелеп, бірдеңемен жауып ондай болмайды. Қысы-жазы сол. Осы жергілікті өскінді егу керек.
Кәнігі бағбан: «Өңірде аяқсу жүйесі бұзылған, сондықтан жыл сайын мыңдап көшет еккеннен пайда жоқ», – дейді. Шыбық қадап, шынар шығару үшін арық-атызбен жылғалап ағатын тіршілік нәрінің жолында кедергі болмауы тиіс.
Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:
- Сарқырама, Жібек жолы және Қызылжарма каналдары қаладағы осы аяқсумен қамтамасыз ететін негізгі 12 каналды толық тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр және ол 12 каналға қойылатын сорғылардың май-суын тексеріп, аталған жұмыстарды 1 сәуірден бастап қойып, 15 сәуірде су берілетін мерзім басталады.
Қарияның аяқсу жеткізумен қатар қала маңындағы саяжайларға қатынайтын жолдар түзелсе деген де тілегі бар. Жалпы жиі тәжірибе жасаудың арқасында айва мен анар ағашын жерсіндірген Бектай ақсақал енді долана мен жасыл шыршаны жайқалтуды қолға алған. Аймақтың басты ботанигі атанған қария бар білгенін балалары мен немерелеріне үйретіп жүр. Бағбандар әулеті қала тұрғындары үшін көктемде егетін 10 мың түп көшет әзірлеп қойған.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев.