Депутаттар су басқан ауылға барды
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл-Жезқазған тасжолын су басты, деп хабарлайды 24KZ.
Покровка ауылының маңында Есіл өзені қатты тасып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Кеше хабарлағанымыздай, тасқын су елді мекендегі 30-ға жуық үйге де жайылды. Шұғыл түрде көшірілген тұрғындармен бүгін Мәжіліс депутаттары кездесті.
Есіл өзені Покровка ауылының тұсында тасып, шеткі көшелерге жайылды. Қазір 30-ға жуық үй суда тұр. Осыған байланысты тұрғындар шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілді.
Виталий Саютин, Покровка ауылының тұрғыны:
- Су лезде келді. Осы көшеде тұратын ата-анамды үйіме көшіріп қайта келсем, аулаға кіре алмай қалдым. Құтқарушылар жиһаз, тұрмыстық техникаларды шығарып үлгерді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Ернеуінен шыққан Есіл өзені Покровка ауылының шетіндегі Жағалау көшесін де басып қалған. Қазір бұл жерде көмекке келген Түркістан және де Ұлытау облысының құтқарушылары қолдан осындай бөгет жасап жатыр.
Үйсіз қалған тұрғындар уақытша колледж жатақханасына көшірілді. Көбі көрші-туыстарында тұрып жатыр. Зардап шеккен халықпен Мәжіліс депутаттары кездесіп, ешкім де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өтемақы толығымен төленеді. Сондықтан да бұл жерде халықтың алдында өтемақы төленетінін енді Президенттің аузынан шықты. Біз енді сол өтемақыны адамның қолына сол көлемде берілуін қадағалайтын боламыз.
Есіл ауданында төтенше жағдай жарияланды. Тасқыннан кейін мемлекеттік комиссия құрылып, шығын көлемі анықталады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.