«Бекіре» науқаны: 1,5 тонна балық тәркіленді
Ақтауда полиция қызметкерлері күдік тудырған көлікті тоқтатып, салоннан салмағы 1 келі және тиісті құжаттары жоқ бекіре тұқымдас балықтың уылдырығын тапты, деп хабарлайды 24KZ.
Каспий теңізінің жағасында моторлы қайықтан 9 көксерке балығы мен 2 бекіре тәркіленді. Бұл жұмыстар Жайық-Каспий бассейні аумағындағы «Бекіре» акциясы шеңберінде жүргізіліп жатыр. Соңғы 10 күн ішінде 72 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 10 заңсыз өндіру фактісі бар. 12 қылмыстық іс қозғалды. 60 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Құқықбұзушылардан 1,5 тоннаға жуық балық, оның ішінде 48 келі бекіре мен 3,5 келі уылдырық тәркіленді.
Төлеубай Мұхамадиев, ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің, ІІМ және ҰҚК шекара қызметінің қатысуымен Жайық-Каспий бассейні аумағында «Бекіре» акциясы өткізіліп жатыр. Шараға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары Полиция департаменттері мен батыс өңірлік көлік полициясының 300-ге жуық қызметкері және 28 техникасы, оның ішінде 5 жүзу құралы, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды. Акцияның мақсаты – браконьерлік және балық өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтап, жолын кесу.