Су тасқыны. Бұзылған жолдар қашан жөнделеді?
Жолдың жайын жүрген білер. Елдегі су апатынан кейін біздегі республикалық маңызы бар магистральдарға айтарлықтай зиян келді.
Кей бөлігін су бұзып, қатынас қиындады. Енді су қайтып, жер құрғаса 6 облыстағы трассаға қайта жөндеу жұмысын жүргізу керек болады.
Тасқынның қарқыны қатты. Алапты тұтас жауып, жолдарды қақыратып жатыр. Жолдың кей тұсын су бұзған соң қатынас қиындаған аймақтар бар.
ҚазАвтаЖол мамандарының мәлімдеуінше, қазір елде 6 облыстың 14 учаскесінде көлік қозғалысы тежелді. Бас-аяғы 626 шақырым жерді су басқан. Темір тұлпарлы адам амалдағанмен, жаяу жүргінші өте алмайтын тұстар да жетерлік.
Ал кеше республикалық маңызы бар автожолдардың 3 шақырымнан аса бөлігін су шайды. Бұл 4 өңірдің 8 бағытындағы жағдай. Тасқыннан жол жабылып, ауыл-аймақпен қатынас үзілген өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы.
Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Автомобиль жолдарында 64 учаскені су шаю фактілері орын алған болатын. Бүгінгі күні елді мекендермен байланыс орнату нәтижесінде қатынассыз қалып отырған аудандық маңызы бар 3 жол бар, сол 3 жолдың бойында 9 елді мекен бар.
Әзірше апат салдарын саралап, жолдарды қалпына келтіруге кететін шығынды есептеу қиын. Бір белгілісі ол – аз сома емес.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі:
- Бүгінгі күні толығымен жолдарды қалпына келтіруге қанша шығын кетті ол енді мынау су алу маусымы аяқталып, күн жылынғаннан кейін белгілі болады. Неге десеңіз, жолдың сапасына, құрамына баға береміз. Қай жерде қандай жөндеу жасау керек сол кезде анықталады.
Тасжолдарды тасқыннан сақтау үшін трасса бойына су өткізуге арналған құбылар қойылады. Жауаптылар былтыр мұның 40-ын қойдық дейді. Биыл да 100-ден асасын салуға ниетті. Тіпті су алу қаупі бар өңірлерде жолдарға құбыр орнату техникалық ережеде міндеттелген. Дейтұрғанмен тілсіз жау жолындағысын жайпап өткенін көрдік.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі:
- Біз мынау жол салу кезінде, өздеріңіз білесіздер, кейбір жол төмен болып салынады, сай болып салынады, сәйкесінше ол жерде қыс болып, көктем шыққанда қар суы ериді де, ол жолға қарай кетеді. Сол жердің учаскелерінде 2 ұңғылы, 1 ұңғылы, диаметрі бір метрден екі метрге дейін болатын арнайы құбыр қоямыз. Қар еріген кезде су жолды шаймай, сол құбырлар арқылы өтеді.
Тасқынның беті қайтса, жолшылар қатынас бұзылған аумақтарды қайта қалпына келтіруге ниетті. Одан бөлек биыл 4000 мың шақырым жол жөнделеді. Яғни жылдағы межеге апаттық жағдайдың салдары қосылды.
Шернияз Жалғасбекұлы, Өрден Жарқын, 24.KZ.