Екі ауылдың тұрғындары көшірілді
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты, екі ауылдың тұрғындарын эвакуациялау аяқталды.
Бұған Торғай өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуі себеп болды. Қауіп төнген Нұра мен Мамырдан 80 адам аудан орталығына жеткізілді. Елді мекенде жүргізілген эвакуация және өңірдегі жалпы жағдайды тілшіміз Әнуарбек Мырзатайұлы айтуға дайын.
Қазіргі ахуал қалай?
Тұрғындары эвакуацияланған Нұра мен Мамыр ауылдары облыс орталығынан шалғай жатыр. Шамамен осы жерден 600 шақырым жерде орналасқан.
Елді мекендер жыл сайын көктемде су басуы мүмкін аумақтардың қатарына жиі енеді. Себебі жанында ағып жатқан бірнеше өзен мен көл бар. Осы жолы Торғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен екі елді мекен тұрғындары алдын-ала эвакуацияланды. Олар Ырғыз ауданының орталығындағы үш мектеп пен бір спорт кешеніне жайғасқан.
Эвакуация жұмыстары туралы қазір менің қасымда тұрған төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Нұрбек Оралбаев айтуға дайын.
Нұрбек Оралбаев, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:
Облыс бойынша қазір тек осы Ырғыз ауданы ғана тәуекел аумақта. Ал жалпы өңірде су тасқыны ахуалы тұрақтала бастаған. Су қоймаларындағы ағыс та бәсеңдеңдеген. Яғни аймақтағы жағдай бұрынғы қалпына келе бастағаны байқалып отыр дейді мамандар. Ендігі міндет тасқынның салдарын жою.
Бұл үшін тасқыннан келген шығын көлемін анықтайтын комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Тіпті нақты залалды анықтайтын бағалаушы компаниялар да іске кіріскен.
Олардың қорытындысы алдағы уақытта белгілі болмақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, 24.KZ, Ақтөбе облысы