Арқалық тұрғындары баспанамен қамтылады
Тасқыннан зардап шеккен Арқалық қаласының тұрғындарын баспанамен қамтуға Үкіметтің төтенше резервінен 405 млн теңге бөлінді.
Қазір Арқалық және облыстың басқа да елді мекендерінде үйлерді тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қажет болса, қосымша қаражат бөлінетінін хабарлады. Бүгінде құзырлы министрлік зардап шеккендерге тұрғын үй өтемақысын төлеудің нақты тетіктерін белгіледі.
Меруерт Ибраева, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі:
- Тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылған жағдайларда бастапқы орындарында қалпына келтірілген объектілер үшін типтік жоба бойынша жаңа тұрғын үй салу, төтенше жағдайдың туындау қаупіне байланысты тұруға жол бермеу туралы шешім қабылданған объектілер үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру. Азаматтардың жайлы тұруын қамтамасыз ету үшін жаңа тұрғын аудандарға инфрақұрылым үйлердің құрылысымен қатар салынатынын атап өту маңызды.