БҚО-да әскерилер мен еріктілер қызмет етіп жатыр. LIVE

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы Қарулы Күштерден 600-ден астам сарбаз бен 500-ге жуық Ұлттық ұландық жұмылдырылған.

Олар еріктілермен бірлесіп, өңірдің ең негізгі орындарында күні-түні қызмет етіп жатыр.

Мерей Қанапия, тілші:

- Қазір Оралдағы кірпіш зауыты аймағындамыз. Мұнда таңғы 8-ден бастап қызу жұмыс. Яғни, топырақ салынған қапшықтар дайындалып жатыр. Қызметке Шымкенттен келген Ұлттық ұланның 300-ден астам сарбазы мен 200-ден астам ерікті тартылған.

Кірпіш зауыты аймағынан тәулігіне орта есеппен 40 мыңнан астам қапшыққа топырақ салынады. Кеше бұл көрсеткіш 55 мыңға дейін барып, рекордтық деңгейге жеткен. Бұл адам санының көптігіне байланысты, – дейді жауаптылар. Мұнда ерлермен қатар әйелдер де білек сыбана қызмет етіп жатыр.

Осы жерде дайындалған қапшықтар техникаларға тиеліп, Жайық, Шаған өзендері аумағына әкетіледі. Ол жақтан осындай әскерилер мен еріктілер күтіп алып, бөгет салады. Сондай-ақ қаладағы кей такси жүргізушілері волонтерлерді осында тегін тасымалдап жатыр.