Депутат тасқын кезінде билетті қымбаттатқан тасымалдаушылар мәселесін көтерді

Өңірлерді су басып, тұрғындар тілсіз жаумен күресіп жатқанда кейбір әуе және теміржол компаниялары билет бағасын шарықтатып жіберген. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин осылай деді.

Ол Премьер-министрге сауал жолдап, тасқын кезінде билетті қымбаттатқан тасымалдаушылардың мәселесін майшаммен қарауды сұрады. Депутаттың келтірген мәліметіне сүйенсек, Атыраудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болған. Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін көтерілген. Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы аспандаған. Бұл үйсіз қалған тұрғындардың өзге өңірге қатынауына кедергі болды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елдегі көлік саласы тек қауіпсіз және сапалы болып қоймай, көпшілікке қолжетімді болуы керек. Осыны көлік компанияларынан талап ету қажет, ал тыңдамаған жағдайда мемлекет тарапынан қатаң шара алынсын. Оларға жалбақтайтын заман өтті. Әуе қатынастары тарифтерінің өспеуін тек 24 сәуірге дейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесін қарастырсын.