Көкшетауда 2 отбасына баспана берілді
Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккен 2 отбасына баспана берілді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл жанұялардың үйін комиссия мүшелері мүлдем жарамсыз деп таныған. Жалпы су астында қалған баспаналарды бағалау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 174 отбасына мемлекеттен біржолғы өтемақы төленді. Сондай-ақ 12 жанұяның бүлінген дүние-мүлкі есептеліп, жақын арада шығын көлемі өтеледі. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Сәуле Қапарова, қала тұрғыны:
- Қиын кезде қолдау танытқан барша қайырымды жанға алғысымды айтамын. Әрине, бүгін қуанышым қойныма сыймай тұр. Балаларым да шаттанып жатыр. Осындай қолдауға ие болғаныма қуаныштымын.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Баспанасыз ешкім қалмайды. Басқа жерлерде күрделі жұмыс бола ма, басқа жұмыс бола ма – соның бәрін ұйымдастырамыз. Ең бастысы – ұзаққа созбай, ізін суытпай, тұрғындарды баспанамен қамту. Жарамсыз деген үйлердің иелері баспанамен қамтылады.