Суға кеткен мал шығыны өтеліп жатыр
Төрт түліктің төлін баққан ауылдағы ағайын үшін су тасқыны оңай болмай тұр. Дегенмен мал шығыны өтеледі.
Бұл бағыттағы жұмыстарға кәсіпкерлер де өз үлесін қосып жатыр. Мәселен, Қарағанды облысы Шет ауданының іскер азаматтары бірігіп, суға кеткен мал шығынын өтеген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шығын қазына қаражатымен де өтеледі. Шаруаларды қолдау тетіктері ширап келеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы техникасына арналған лизинг бойынша міндеттемелерді өтеу мерзімі де шегеріледі.
Советхан Әлиев, Қызылжұлдыз ауылының тұрғыны:
- 18 бас малым жоқ, соның 10-ының өлексесін тауып, сол жаңағы өткенде келген комиссиясы 10-ына өтемақы төледі. Тағы бір 8 бас малымның ізі жоқ. Енді шамасы ағып кеткен-ау деймін. Сол 8 бас малыма өтініш қабылдап алды, 3 куәмен жаңағы 8 бас малға тағы өтемақы төленеді деп жатыр.
Советхан Әлиев алғашқылардың бірі болып суға кеткен малының өтемақысын алды. Арқалық қаласына қарасты осы Қызылжұлдыз ауылынан жергілікті комиссияға 3 өтініш түсіпті. Жалпы қарғын су басқан өңірдегі 268 мал басына төлем жүргізілді. Суға кеткен 900-ден астам мал басына құжат әзірленді. Тақауда иелеріне тиісті өтемақы берілмек. Ал тіркелмеген не өлексесі табылмаған түлікке өтемақы алудың өз тәртібі бар. Ол үшін 3 адам куәлік етіп, сондай малдың болғандығын дәлелдеуі шарт.
Бауыржан Бекет, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
- 20 өтініш түсіп тұр. Жанкелдин ауданынан 3 өтініш, Арқалықтан 11 өтініш түсіп тұр. Сол өтінішер бойынша 938 басқа құжаттар дайындалған. Арнайы бекітілген бағалау, сол жаңағы шығынды бағалайтын мекеме бар, сол мекемеге жіберілді.
Ал Қарағанды облысына қарасты Шет ауданында ұзын саны 89 бас мал суға кетті. Оның 72-сі – ұсақ, 12-сі – ірі қара, бесеуі – жылқы. Аудандық жедел штаб шығын көлемін есептеп, ресми актіні толтырған сәттен бастап айналасы бір апта ішінде тұяқ шығын түгел өтелді. Онысын аудан кәсіпкерлері толықтай өз есебінен түгендеп берген.
Орал Ыстыбаев, Шет ауданы әкімінің орынбасары:
- Осы Шет ауданы аумағында фермерлердің одағы бар ғой. Одағының бастамасымен, шаруа қожалықтары жетекшілерімен одақ көтерген мәселесі қолдау тауып, осы аудан аумағындағы кәсіпкерлер десем болады, шаруашылық қожалықтары арқылы осы 89 бас ресми тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларының орындарын толтырып берді.
Иә, өтемақы қазына қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де тартылады. Ол үшін мал иесі тиісті өтінішті жергілікті әкімдіктер құрған комиссияларға ғана беру қажет. Үкімет тарапынан өзге де қолдау тетіктері қарастырылған. Мәселен, шаруалар мен мал иелері несие және лизингтік бойынша міндеттемесін өтеу мерзімі кейінге қалдырылатын болады. Сондай-ақ кешіккен төлемдер үшін айыппұл салынбайды.
Айта кетейік, тасқыннан зардап шеккендерге ауыл шаруашылығы министрлігі жедел желі құрған. Мына нөмірлерге хабарласып, шаруашылықтың шығына қатысты сауалдарға жауап алуға болады.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мағауия Қалиев.