Жылыойда дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. LIVE
Жылыой ауданы Құлсары қаласында судан тазартылған аумақтарды дезинфекциялау басталды. Қазір 2 бригада залалсыздандыру жұмыстарына жұмылдырылған.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Иә, ауданда дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр. Қазір судан тазартылған әрі маңызды деген әлеуметтік нысандар залалсыздандырылып жатыр. Кеше 2-ықшамаудандағы көпқабатты тұрғын үйлер дезинфекцияланды. Себебі онда тұратын 300-ге тарта тұрғын қазір эвакуациялық пунктерде. Олардың баспаналарына жақын арада қайтуы үшін жағдай жасалып отыр. Құлсары қаласында жүргізіліп жатқан дезинфекциялау жұмыстары бойынша біз Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Хабибуллинді сөзге тартқанбыз.
Талғат Хабибуллин, Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:
- Екі мекеме қазіргі уақытта жұмыс атқарып жатыр. Қалалық әкімдікпен келісімшартқа отырған. Екі лицензияланған дезинфекциялау мекемесі жұмыс жасап жатыр. Қазір мынау Әбдірахманов көшесіндегі әлеуметтік нысандар, халыққа қызмет көрсететін нысандар, бірінші кезекте керекті бұл жерде банк бар, Жылыойсу мекемесі бар, сондай әлеуметтік нысандар бірінші кезекте тазаланып, супермаркетіміз бар, сол нысандар жасалып бітіп, жұмыс жалғасып жатыр. Бұл жұмыстардың басында біздің басқарманың мамандары ұдайы қадағалап отыр. Біздің жұмысымыз – бұл жерде езіліп жатқан ерітінділердің мөлшерлі салынуы. Хлорлы ерітінділердің мөлшерлі салынып, мөлшерге сәйкес жүргізілуін біздің мамандар осы жерде бірге қадағалап жүр.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Дезинфекциялау жұмыстарына бүгінге дейін 4 тоннаға жуық ерітінді езілген. Бұл жұмыстар үздіксіз жалғасады. Ал енді Құлсары қаласындағы ауызсу мен тасқын су туралы айтатын болсақ, сынама күнделікті алынып отыр. Мамандар әзірге қауіптің жоқ екенін айтады. Тасқын судан бұған дейін алынған 2 сынамадан қауіп анықталмады. Ал қалғаны қазір зерттеліп жатыр. Ал ауызсудан алынған 100-ден аса сынаманың нәтижесі бойынша мамандар: «тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ», – дейді. Қазір енді аудандағы ахуал тұрақталды. Эвакуацияланған тұрғындар біртіндеп үйіне қайтып жатыр. Өтемақы төлеу үшін 4 мекенжайда өтініштер қабылданып жатыр. Бұған дейін айтқанымыздай 2800-дей тұрғын үй суға кеткен. Қазір қолда бар мәліметке сәйкес 500-ден аса құжат қабылданды.