Су басқан өңірлерден отызға жуық бала Алматыда ем алып жатыр

Су басқан өңірлерден келген 30-ға жуық бала Алматыда ем алып жатыр.

Олар сауықтыру орталығында 30 сәуірге дейін болады. Бүгін қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығы демалушылардың арасында эстафеталық ойындар ұйымдастырды.

Олжас Оспанов осында 13 жылдан бері тәрбиеші болып істейді. Айтуынша, бұл жердегі мамандардың баршасы өзі ісінің білгірі. Алдына келген баланың көңілін тауып, қабілетін ашуға ұмтылады. Осындай жандардың арқасында су басқан өңірлерден келген балдырғандар  жаңа ортаға тез үйренген. 

Олжас Оспанов, орталық тәрбиешісі:

- Негізгі менің басты мақсатым осы Қазақстанның барлық аймағынан келген балаларды осы жаңа ортаға үйретіп, яғни шығармашылық жұмыстарды жасауда. Балаларды осындай шығармашылық жұсмыстарға баулу. Және де шығармашылық жетістікке жеткізу. 

Орталық су басқан өңірлерден келген оқушыларды ерекше ықыласпен күтіп алды. Балалардың жас деңгейі 9-13 жас аралығында. Әзірге сабақтарын осында жалғастырады. Келгендеріне 3-4 күн болды. Бүгін өткен эстафеталық ойындарда  белсенділік танытты. Дене шынықтыру оқу тәжірбиелік орталығы сайысқа қатысқандардың  барлығына сыйлықтар табыстады. 

Айя Ақболатқызы, оқушы /Батыс Қазақстан облысы/:

- Бөбекке келгеніме өте қуаныштымын. Достарды көп таптым. Көптеген жерлерге барамыз. Ертең суббота киноға барамыз.

Айзере Ислам, оқушы /Қостанай облысы/:

- Неше түрлі емдік шаралар алып жатырмын. Бір келгеннен татуласып ойнап кеттім.

Орталыққа келген балалар таза ауада серуендеп, қаланың көрікті жерлерін аралаумен ғана шектелмейді. Оған қоса денсаулығын тексертіп, емдік шаралар алып қайтады. 

Уәзипа Жарылғасова, оқу-сауықтыру орталығының директоры:

- Сауықтыру шаралары таңертеңгілік жаттығу жасаудан басталады. Балаларға шунгит тасты бастырамыз. Бұл иммунитетті көтереді. Тыныс алу жолдарын ашуға көмектесетін тұзды шахта бар. Бұл жолы бізге Батыс Қазақстан мен Қостанай облысынан 23 бала келді. Ата-аналарымен байланысып отырмыз. Әрине балалар кішкентай ғой. Үйін сағынады. Сондықтан олардың көңіл-күйін көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Бізге үйренгеннен кейін қимай қоштасып жатады. 

Су басқан өңірден келген балалар Алматыда осы айдың соңына дейін болады. Жалпы еліміз бойынша бірінші кезеңде 11 сауықтыру орталығы 600 баланы қабылдайды. Қазір 80 оқушы Ақмола облысындағы лагерьде демалып жатыр.

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов