Жамбыл облысында браконьерлерге қарсы күрес күшейді

Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан 5 шақырымға жуық қараусыз ау құралы табылды, деп хабарлайды 24KZ.

Балық шаруашылығы инспекциясы мамандарының айтуынша, бұл браконьерлерден қалған болуы мүмкін. Олар уылдырық шашу кезеңінде де табиғат байлығына заңсыз қол салуды тоқтатар емес. Инспекторлар табиғат қаскөйлерінің жолын кесу үшін күні-түні рейд жүргізумен қатар су айдындарын тазартып жатыр. 

Бұл кадрлар браконьерлерді ұстау сәтінде түсірілген. Көлік ішінен 30 келіден астам заңсыз ауланған шаян табылды. Ал келесі көліктің жүксалғышынан бірнеше дорба балық тәркіленді. Жедел-профилактикалық шара басталғалы өңірде 10-ға жуық осындай дерек анықталды. Құқық бұзғандарға 145 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Нұржамал Құлбаева, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторы:

- Былтырғы жылы осы уылдырық шашу кезеңінде Жамбыл облысы бойынша 40 дерек анықталып, оның ішінде 12-сі шара қолдану үшін сотқа жолданды. Осы 40 факті бойынша барлық қаскөйлерге 1 млн 180 мың теңге айыппұл салынып, айыппұлдар өндірілді.

Табиғат қаскөйлерінің су астында қалдырып кеткен 5 шақырымға жуық ау-құралы Тасөткел су қоймасынан шығарылды. Оны қоғам белсенділері мен балық инспекциясының мамандары су айдынын тазалау барысында тапқан.

Жамбыл Үсіпберлиев, облыс бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Қалып кеткен торлардан тазалап шығару үшін моторлы қайық жұмылдырылды. Үлкен автокөліктер жұмылдырылды, бір КАМАЗ, погрузчик және басқа да автокөліктер жұмылдырылды. Жалпы адам шамасында осы жанашырлар акцияны өткізуге жұмылдырылды.

Бұл су қоймасының жағалауы «Таза Қазақстан» акциясы аясында ретке келтірілді. Арнайы техникалармен 10 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Жұмахан Чекаев, қоғамдық бірлестік төрағасы:

- Жастар әрқашан да таза су айдындарын тазалығын сақтауға бар күш-жігерін қосуға әзір. Осы ретте еліміздің, өңіріміздің туризм саласын дамытуға әрқашан да өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

Инспекторлар су айдындарының тазалығын қадағалауды және заңсыз балық аулаушылармен күресті бір сәтке де тоқтатпайды. «Уылдырық» шарасы мамыр айының соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Анастасия Сүлейменова, Нұрлан Жақыпбеков, Елдар Байділдә.