Қазақстанда БҰҰ-ның цифрлық орталығы құрылуы мүмкін
Еліміздің цифрлық-инновациялық дамуы әлем елдерінің қызығушылығын туғызып отыр.
Таиланд астанасы Бангкокта өткен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 80 сессиясы осындай бастама көтерілді.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Әлем қазір жаңа цифрлық дәуірдің табалдырығында тұр. Себебі заманауи технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып барады. Әлемдік сарапшылар бұл көштен Азия-Тынық Мұхиты аймағына мүше елдер де қалмауы керек деп отыр. Бұл тұрғыда цифрлық инновациясы дамыған Қазақстанның тәжірибесіне сүйенуді көздейді.
Біздің ел БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхиты елдеріне цифрландырудың озық үлгісін көрсетіп, тәжірибесімен бөліспек. Олай дейтініміз бүгінде Қазақстан электронды мемлекеттік қызметтердің дамуы бойынша әлемде 28, ал онлайн-қызметтердің сапасы бойынша 8-орында тұр. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы автоматтандырылған. Яғни бұл салада көп елден көш ілгеріміз.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі:
- Google, Microsoft сынды көптеген компанияларды қоса алғанда, 900-ден астам кәсіпорын біздің нарықта сәтті жұмыс істеп жатыр. Соңғы үш жылда Қазақстанның жоғары технологиялық секторының экспорты он есе өсті. Ал 2026 жылға қарай ол 1 миллиард долларға жетеді деп күтілуде.
Бұл дегеніміз осы салада жаңа бизнес нысандарын ашып, ел экономикасын ілгерлетуге септігін тигізеді деген сөз. Әрі тоғыз жолдың торабындағы Қазақстанға шетелдік инвестициялар ағыны да артады. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды IT-технологиясы озық дамыған елге айналдыру қажеттігін айтқан болатын.
Асқар Жамбакин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
- Биыл Күзде Астанада БҰҰ-ның ұйымдастыруымен министрлер деңгейінде цифрлық конференция өтеді. Конференцияға 62 ел қатысады деп жоспарланған. Онда біздің ел мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласында өзінің жетістіктерімен бөліседі. Бүгінгі жиында да біздің қызмет көрсету, отбасының цифрлық картасы сынды қызметтерімізге қызыққандар көп болды. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.
Келесі жылға қарай цифрлық технологиялардың әлемдік нарығы 50 пайызға өсіп, 6,8 триллион долларға жетеді. Технологиялық даму деңгейі әртүрлі елдерді қамтитын Азия-Тынық Мұхиты аймағы өзара тиімді инновациялар үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады.
Тициана Бонапаче, БҰҰ департамент директоры:
- Біздің ұйым мүшелері Қазақстанның цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктерін жоғары бағалайды. Қазақстандық кәсіпкерлердің, әсіресе жас стартаптардың тапқырлығына тәнтіміз. Олардың тұрақты дамуға көмектесетін цифрлық шешімдерін үйренуге ниеттіміз.
Сондай-ақ Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың тоғысқан жеріндегі стратегиялық көлік торабы ретінде Қазақстан жетекші IT-провайдерлермен бірнеше логистикалық жобаны жүзеге асырып жатыр. Ал осы тұста Азия-Тынық Мұхиты аймағы өзара тиімді инновациялар үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынды.
Айнұр Қуатқызы, Артур Горшняков